​ШЫМКЕНТТЕ НЫСАНА КӨЗДЕУ ЖӘНЕ СТЕНД АТУДАН XVI АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

0
81

Чемпионат Қазақстандық спорттық ату федерациясының ұйымдастыруымен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.


​ШЫМКЕНТТЕ НЫСАНА КӨЗДЕУ ЖӘНЕ СТЕНД АТУДАН XVI АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

16-30 тамыз күндері Шымкент қаласында нысана көздеуден және стенд атудан 16-шы Азия чемпионаты өтеді.

Сары құрлық додасына Бахрейн, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Қатар, Қытай, Кувейт, Малайзия, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония сынды 26 мемлекеттен 800-ден астам спортшы қатысады.

Жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасындағы Азияның таңдаулы мергендері екі апта бойы Shymkent Shooting Plaza спорт кешенінде өтетін сайыста барлық дисциплина бойынша (тапанша, винтовка, жылжымалы нысана көздеу, стенд ату) өзара бақ сынайды. Чемпионат Қазақстандық спорттық ату федерациясының ұйымдастыруымен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
Азия біріншілігінде 700-ден астам медаль жиынтығы сарапқа салынады. Нысана көздеу бағдарламасында спортшылар пневматикалық тапанша (10 м), тапанша (25 және 50 м), винтовка (10 және 50 м), сондай-ақ жылжымалы нысана көздеуден жекелей және командалық сындарда бақ сынайды. Стенд атуда трап, скит, скит-микс, трап-микс, дубль, жекелей және командалық бәсекелер өтеді. Айта кетерлігі, мергендер додасына Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, Азия нысана көздеу қауымдастығының (ASC) президенті шейх Салман әл-Сабах, Араб елдері және Кувейттің нысана көздеу федерациясының президенті Дуайч Алотайби, ISSF бас хатшысы Александр Никотра Сент-Джеймс қатысады.
Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында биыл жыл басынан бері ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық спорт федерацияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Осы уақытқа дейін елімізге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті, Азия ауыр атлетика федерациясының техникалық комитетінің төрағасы, Халықаралық су спорты федерациясының президенті, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті, Халықаралық күрес федерациясының (UWW) президенті және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар ресми сапармен келді.
Бөлісу