300-ге жуық жұмыс іздеушіге қызмет көрсетіліп, 95 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Бүгін Шымкент қаласындағы «Арбат» алаңында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауқымды бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға қала тұрғындары мен жұмыс берушілермен қатар, Солтүстік өңірлерден арнайы келген делегациялар да қатысты.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыссыз жүрген азаматтар мен жастарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топ өкілдеріне жұмыс табуға жағдай жасау және ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын кеңінен түсіндіру болды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов пен Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысты. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан сала мамандары келіп, өз өңірлеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңке үшін барлығы 775 жұмыс берушіден 3 583 бос жұмыс орны жинақталды. Іс-шараға 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, тұрғындарға бос орындарды таныстырды. Оның ішінде 1340 орын – тұрақты, 2243 орын – уақытша жұмыс орындары.
Жәрмеңкеге келген тұрғындардың 300-ге жуығына қызмет көрсетілді. Оның 95-і тұрақты жұмысқа орналасса, 29 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Бұдан бөлек, пробация қызметінде тіркеуде тұрған, бұрын сотты болған және мүгедектігі бар азаматтар арасынан 9 адам квота бойынша жұмысқа орналасты. Алимент берешегі бар 4 борышкерге де жұмыс ұсынылды.
Ерікті түрде солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына қызығушылық танытқан 84 адамға кеңес берілді. Оның ішінде 11 азамат 24 маусым күні ұйымдастырылатын «Ұлы көш» атты Солтүстік және Павлодар облыстарының тыныс-тіршілігімен танысу сапарына қатысуға ниет білдірді.
Жәрмеңке барысында қатысушыларға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, мемлекеттік гранттар және өзге де қолдау тетіктері туралы кеңес берілді.
Мұндай жәрмеңкелер – еңбек нарығын тұрақтандыру мен халықты нәтижелі жұмыспен қамту жолындағы маңызды құрал болып отыр.