Жедел жәрдем сәбидің ес-түссіз жатқан кезінде келді.
иллюстрациялық фото
Шымкент қаласында екі айлық сәби өз құсығына тұншығып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бөпесін емізіп болып анасы үй шаруасымен айналысып кеткен. Қайта айналып келгенде екі айлық шақалағының тыныс алмай, тіршілік белгілерінсіз жатқанын көрген анасы жедел жәрдем шақыртқан.
"Сағат 20.54-те екі айлық сәбидің дем алысы бұзылғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Жедел жәрдем станциясының тоғызыншы бригадасы оқиға орнына шұғыл жеткен. Баланы қарау кезінде сәби ес -түзсіз халде болған. Тамыр соғысы мен дем алысы байқалмай, баланың терісі көгеріп кеткен "- деп хабарлады Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасыныңбаспасөз қызметі.
Жедел жәрдем дәрігерлері жан сақтау тәсілдерін жасаған соң екі минутта баланың дем алысы мен тамыр соғысы қалпына келген. Екі айлық шарананы жедел жәрдем шұғыл қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізген. Денсаулық сақтау басқармасындағылардың мәлімдеуінше, қазір сәбидің жағдайы бірқалыпты.