​ШЫМКЕНТТЕ ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

0
65

Шымкент қаласында су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзуға байланысты қайғылы жағдайлар әзірге тіркелмеген.


​ШЫМКЕНТТЕ ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан – Темірбек Әли Шатырбекұлы төмендегідей мәлімдеме жасады.

Шомылу маусымында адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басты міндеттерінің бірі. Қаладағы климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, судағы жазатайым жағдайлардың алдын алу шаралары биыл сәуір айынан бастап жүйелі түрде жүргізілуде.
Бүгінгі күні республика бойынша 40-қа жуық адам суға батып кеткен, оның ішінде жасөспірімдер де бар. Ал Шымкент қаласында су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзуға байланысты қайғылы жағдайлар әзірге тіркелмеген. Анықтама ретінде: 2024 жылы қалада 2 суға бату оқиғасы тіркеліп, оның бірі балаға қатысты болған.
2025 жылғы шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қала әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес, шомылу кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспар бекітіліп, жауапты мекемелерге тапсырылды. Бұл құжатта әрбір органның міндеттері нақты көрсетіліп, волонтерлік көмек те қарастырылған.
Сәуір айынан бері 158 рейд жүргізіліп, демалыс және мереке күндері бұл жұмыс күшейтілген тәртіпте жалғасуда. Нәтижесінде ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 4 адамға жалпы сомасы 55 048 теңге айыппұл салынды.
Судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында бейнероликтер бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, кинотеатрлар, автобустар мен адам көп шоғырланатын орындарда (вокзал, әуежай, сауда үйлері) LED экрандар арқылы көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар, 112 қызметі арқылы тұрғындардың мобильді құрылғыларына күнделікті ескерту хабарламалары жіберілуде.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде: жыл басынан бері 6 брифинг ұйымдастырылып, телеарналарда 24 рет сөз сөйлеген, 26 мақала жарияланған және әлеуметтік желілерде 220 материал орналастырылған. Халық арасында 15 180 жадынама мен буклет таратылды.
Қала аумағында шомылуға тыйым салынған орындар тізіміне де өзгерістер енгізілуде. Бұрын бұл тізімде 13 орын болса, қазір олардың саны 30-ға дейін ұлғайтылып, тиісті шешім жобасы Ашық НҚА порталында жарияланған. Қазіргі уақытта мәселе қалалық мәслихат отырысында қаралуда.
Жалпы, шомылу маусымы аяқталғанға дейін – қыркүйек айының соңына дейін – Шымкент қаласының су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасатын болады.
Бөлісу