Шымкент қаласы үшін мұндай чемпионаттың өткізілуі – үлкен мәртебе әрі спорт туризмін дамытуға жаңа серпін береді. Бұл қалаға халықаралық деңгейдегі қонақтардың келуіне, спорт инфрақұрылымының дамуына және өңірдің имиджін көтеруге ықпал етеді.
Шымкент қаласында спорт сүйер қауым көптен күткен айтулы оқиға – спорттық атудан XVI Азия чемпионатының салтанатты ашылуы өтті. Бұл халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекенің ашылу рәсімі қала тұрғындары мен спорт жанкүйерлері үшін ерекше қуаныш сыйлады.
Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асыловпен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен және ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналинмен бірге чемпионаттың ресми ашылу рәсімінде болды.
Қала басшысы өз құттықтау сөзінде Шымкенттің мұндай ауқымды іс-шараны қабылдауы – қаланың халықаралық спорт алаңындағы беделін арттыратынын атап өтті. Ол спортшыларға табыс тілей отырып, ұйымдастырушыларға, спорт федерацияларына, бапкерлерге және чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтарға алғысын жеткізді.
Айта кету керек, чемпионаттың ашылуында мәртебелі қонақтар да бас қосты. Олардың ішінде Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси, Азия ату конфедерациясының басшысы шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, сондай-ақ бірқатар әлемдік спорт ұйымдарының өкілдері болды. Мұндай беделді тұлғалардың қатысуы чемпионаттың тек Азия деңгейінде ғана емес, бүкіләлемдік спорт қауымдастығы үшін де маңыздылығын көрсетеді.
Чемпионат 16–30 тамыз аралығында Шымкенттегі заманауи спорттық кешен – “Shymkent Shooting Plaza” базасында өтуде. Бұл нысан арнайы халықаралық талаптарға сай жабдықталған және спортшыларға барлық жағдай жасалған. Жарысқа 27 елден 800-ге жуық спортшы қатысып, өз бақтарын сынайды. Олар спорттық атудың бірнеше бағыты бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, “тапанша”, “мылтық”, “қозғалмалы нысана”, “стендтік ату”, “трап”, “скит” және “скит-микс” түрлерінен үздіктер анықталмақ.
Чемпионат аясында 700-ден астам медаль сарапқа салынады. Бұл жарыстың ауқымын көрсетіп қана қоймай, спортшылар арасындағы бәсекелестіктің қаншалықты жоғары деңгейде өтетінін аңғартады. Сондай-ақ чемпионат екі олимпиадалық спорт түрін қамтиды: нысана көздеу және стенд ату. Бұл спорт түрлері болашақ Олимпиада ойындарына қатысуға жол ашатын маңызды кезеңдердің бірі болып есептеледі.
Мұндай халықаралық деңгейдегі чемпионаттың басты мақсаты – атқыштар спортын кеңінен насихаттау, спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдау және олардың халықаралық рейтингін анықтау болып табылады. Сонымен қатар, жарыс аясында жаттықтырушылардың, төрешілердің кәсіби тәжірибесін жетілдіру, спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайту да көзделген.
Шымкент қаласы үшін мұндай чемпионаттың өткізілуі – үлкен мәртебе әрі спорт туризмін дамытуға жаңа серпін береді. Бұл қалаға халықаралық деңгейдегі қонақтардың келуіне, спорт инфрақұрылымының дамуына және өңірдің имиджін көтеруге ықпал етеді. Сондай-ақ, жергілікті жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.
Чемпионат барысында тек спорттық жарыстар ғана емес, мәдени іс-шаралар да ұйымдастырылмақ. Қатысушылар мен қонақтарға қазақ халқының ұлттық дәстүрлері, өнері мен қонақжайлылығы таныстырылып, еліміздің бай мәдениеті көрсетіледі.
Осылайша, XVI Азия чемпионаты Шымкент қаласының тарихындағы ең ірі спорттық шаралардың бірі ретінде есте қалады. Жарыс нәтижесі бойынша үздіктер анықталып қана қоймай, қазақстандық спортшылардың да халықаралық аренадағы беделі арта түспек.