Бұл бастамаға Шымкент қаласының Білім басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, сондай-ақ құқық қорғау органдары белсенді түрде қолдау көрсетті.
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Шымкент қаласында жастарға арналған ауқымды іс-шара өтті
26 маусым – бүкіл әлемде нашақорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын еске салатын ерекше күн. Осыған орай Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза өмір – сенің таңдауың» атты кең көлемді мерекелік кеш өтті. Шара жастардың өмірлік құндылықтарын айқындауға, олардың салауатты өмір салтын ұстануына серпін беруге бағытталды.
Аталған кеш барысында 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өткізілген нашақорлыққа қарсы күрес айлығының қорытындысы жария етілді. Бұл бір айға созылған науқан жастар арасында нашақорлықпен қатар, лудомания (құмар ойындарға тәуелділік), буллинг (қорлау, әлімжеттік) сияқты қазіргі қоғамда кеңінен таралған жағымсыз әдеттердің алдын алу және олардың зиянды әсерін түсіндіруді мақсат етті.
Айлық аясында қала бойынша ондаған шара ұйымдастырылды. Әсіресе мектеп оқушылары мен студент жастарға арналған ақпараттық кездесулер, психологиялық тренингтер, ашық әңгімелер және дәрістер ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, салауатты өмірді насихаттайтын спорттық жарыстар, шығармашылық көрмелер, флешмобтар мен тақырыптық акциялар өткізілді. Әрбір шара жастардың ой-санасын шыңдауға, уақытын тиімді өткізуге және зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстауға үндеді.
Қорытынды мерекелік кеш барысында қала тұрғындары мен жастарға арнап түрлі ақпараттық көрмелер ұсынылды. Көрмелерде нашақорлықтың адам денсаулығына тигізер орасан зияны жайлы материалдар көрсетіліп, бейнематериалдар мен әлеуметтік роликтер ұсынылды. Бұл бастамаға Шымкент қаласының Білім басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, сондай-ақ құқық қорғау органдары белсенді түрде қолдау көрсетті.
Іс-шараға қала басшылығы мен құқық қорғау органдарының өкілдері арнайы қатысып, жастарға құнды кеңестерін жеткізді. Атап айтқанда, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов және қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова сөз сөйлеп, салауатты өмір салтының маңыздылығына тоқталды. Олар жастардың ертеңгі елдің тірегі екенін айта келе, әрбір жас буынды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Кештің маңызды сәттерінің бірі – айлық барысында белсенділік танытқан еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдерін марапаттау рәсімі болды. Қоғамдық өмірге белсене араласып, нашақорлыққа қарсы күреске өз үлесін қосқан жастарға арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Бұл қадам жас ұрпақты ынталандырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра түсті.
Сонымен қатар, мерекелік кеш аясында қатысушылар үшін көңілді әрі танымды «Quiz» форматындағы интеллектуалдық ойын ұйымдастырылды. Бұл ойын жастардың білімін сынап қана қоймай, оларды топтық жұмысқа, ұйымшылдыққа және ойлау қабілетін дамытуға бағытталды. Жеңімпаз командаларға арнайы естелік сыйлықтар табысталып, кештің әсерлі әрі есте қаларлықтай өтуіне үлес қосты.
Жалпы, «Таза өмір – сенің таңдауың» атты кеш жастардың бойына зор рухани серпін берді. Іс-шара барысында әрбір қатысушы салауатты өмір сүрудің маңызын тағы бір мәрте ұғынды. Бұл тек бір күндік мерекелік кеш қана емес, ай бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың қорытындысы болды. Қоғамның болашағы саналатын жастардың уақытын тиімді пайдалануы, пайдалы істермен айналысуы – мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды.
Шымкент қаласында өткізілген мұндай іс-шаралар жастарды дұрыс жолға бағыттап қана қоймай, олардың әлеуетін дамытуға, бойындағы жасампаздық қасиеттерін оятуға да септігін тигізуде. Келешекте мұндай игі бастамалар дәстүрлі түрде жалғасын табатынына сенім мол.