56 күн бойы сәбилер мен олардың 39 жастағы анасы дәрігерлердің жіті бақылауында болып, қажетті ем мен күтімді алды.
2025 жылдың 11 маусым күні Шымкент қалалық перзентханасында қуанышты жаңалық орын алды. Бұл күні жас ана үшем – бір қыз және екі ұл баланы дүниеге әкелді. Мұндай оқиға сирек кездесетіндіктен, дәрігерлер де, ата-ана да, жалпы қала жұртшылығы да ерекше қуанышқа бөленді.
Жүктіліктің небәрі 31-ші аптасында дүние есігін ашқан нәрестелердің салмағы бірдей болмаған. Алғашқы болып өмірге келген қыздың салмағы небәрі 975 грамм болса, екінші болып туған ұл бала – 1765 грамм, ал үшіншісі – 1920 грамм тартқан. Сәбилер бірнеше минут айырмашылықпен дүниеге келді. Шала туғандықтан, оларды бірден дәрігерлер бақылауға алды.
Алғашқы күндері дәрігерлердің жіті қадағалауында болған үшемдерге мамандар бар күш-жігерін салды. 56 күн бойы перзентхана ұжымы анасы мен сәбилерге қажетті ем-дом жасап, күтім көрсетті. Осы уақыт аралығында балалардың да, ананың да жағдайы біртіндеп жақсарып, ақыры қуанышты сәт те жетті – олар үйлеріне шығарылды.
Жас ана – Шымкент қаласының тұрғыны, 39 жастағы Якубова Фатима Шамсутдиновна. Бұл – оның екінші босануы. Бұған дейін Фатиманың бір баласы бар болатын, енді ол мен жұбайы Зухрейдин төрт баланың ата-анасы атанды. Әулеттің қуанышын еселеген үшемге аттарды олардың ата-әжесі қойды. Қыз балаға – Мерием, ұлдарға – Расул және Гамзат деген есімдер берілді.
Бүгінде нәрестелердің салмағы да едәуір артқан. Алғашқыда бір килодан төмен салмақпен туған кішкентай Мерием қазір 2050 граммға жетсе, Расул – 2950 грамм, ал ең ірі сәбидің бірі Гамзат – 3400 грамм болды. Бұл – дәрігерлердің ерен еңбегінің және ананың төзімділігінің айғағы.
Айта кету керек, Шымкент қаласында соңғы жылдары ана мен бала денсаулығын қорғау ісіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Қалалық перзентханаларда заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жаңа медициналық әдістер енгізілуде. Соның нәтижесінде ана мен балаға көрсетілетін көмек сапасы жыл сайын артып отыр.
Мысалы, жыл басынан бері Шымкентте 15 793 сәби дүниеге келген. Оның ішінде:
- қыз балалар – 7 726,
- ұл балалар – 8 067,
- егіздер – 180 жағдай тіркелді.
Бұл көрсеткіштер мегаполистегі денсаулық сақтау саласының жүйелі жұмысының нәтижесін айқын көрсетеді. Әсіресе үшемдердің дүниеге келуі қала халқы үшін үлкен қуаныш пен жақсылықтың нышаны болды.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
