Шымкентте заманауи лифт шығаратын зауыт салу инвестициялық жобасы қолға алынбақ

0
582

Инвестиция көлемі — 15 миллион АҚШ доллары.


Шымкентте заманауи лифт шығаратын зауыт салу инвестициялық жобасы қолға алынбақ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков лифт жабдықтарын өндіруде жетекші орын алатын халықаралық “CANNY Elevator Co Ltd” компаниясының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында компания Шымкент қаласында заманауи лифт шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.

Ал жобаның жалпы инвестиция көлемі — 15 миллион АҚШ доллары. Кәсіпорын жылына 1000 лифт өндіруді жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Екі жақты кездесуде ынтымақтастықтың келешегі мен қаламыздың негізгі артықшылықтары талқыланды. Нақты айтқанда, дамыған өндірістік инфрақұрылым, тиімді географиялық орналасу және негізгі көлік дәліздеріне қолжетімділік жағынан маңызды. Осы орайда қала басшысы қала атынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді жеткізді.
Бүгінде “CANNY Elevator” компаниясы аса жылдам лифт пен биік эскалаторлар технологиясын белсенді түрде дамытып келеді. Олар инновациялық инженерлік шешімдер мен қауіпсіздік стандарттарына айрықша көңіл бөледі. Компания өнімдері Ресей, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Америка елдері және басқа да 100-ден астам мемлекетке жеткізіледі.
Осы орайда қала басшысы аталған зауыттың іске қосылуы Шымкенттің индустриялық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға және қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге сеп болатындығына сенім білдірді.

Айта кету керек, Шымкенттің индустриялық әлеуеті еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі саналады. Қалада жеңіл, тамақ, фармацевтика, құрылыс материалдары, машина жасау және мұнай-химия өнеркәсібі жақсы жолға қойылған. Тассай, Оңтүстік және Оңтүстік индустриялық аймақтары, сондай-ақ «Shymkent» арнайы экономикалық аймағы өндіріс орындарын шоғырландырып, инвесторларға қолайлы жағдай жасайды.

Шымкент өңірлік логистикалық орталық ретіндегі тиімді географиялық орналасуы, теміржол және автомобиль магистральдары арқылы ішкі және сыртқы нарыққа жылдам шығу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары шетелдік және отандық инвестиция тарту көлемі артқан, бұл жаңа зауыттар мен кәсіпорындардың ашылуына жол ашты.

Бүгінде қала өнеркәсібінің негізгі драйверлері – мұнай өңдеу зауыты, фармацевтикалық кластер, азық-түлік өндірісі және экспортқа бағытталған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары. Шымкенттің индустриялық әлеуеті алдағы уақытта да өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен жұмыс орындарын көбейтудің маңызды факторы болып қала бермек.

Бөлісу