Шымкент қаласында еліміздегі ең ауқымды жылыжай кешенін Түркияның Alarko Holding компаниясы салып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі – 650 миллион АҚШ доллары, ал кешеннің жалпы аумағы – 650 гектар. Ауқымды жоба екі кезең бойынша іске асырылады.
Қазіргі таңда құрылыс конструкцияларының монтажы аяқталып, қажетті жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жалпы көлемі 40 гектарды құрайтын алғашқы жылыжай кешені 2025 жылдың шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс алаңында бүгінде екі ауысыммен шамамен 400 жұмысшы еңбек етуде.
Бірінші кезең толығымен іске қосылған соң, 1 750 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның өндірістік қуаты – жылына 51 мың тонна өнім.
Кешен толық іске қосылғанда, жылына 175 мың тоннаға дейін қызанақ өндіріледі. Өнім тек ішкі нарыққа емес, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Жапония және Ресей Федерациясына экспортталады. Жобаның толық жүзеге асырылуы нәтижесінде 5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бұдан бөлек, жоба шеңберінде бірқатар әлеуметтік және білім беру бастамалары қолға алынған. Атап айтқанда, балаларға арналған ойын алаңдарын салу, агросала мамандарын даярлайтын академия ашу, сондай-ақ экологиялық таза технологияларды енгізу жоспарлануда.