Жиын барысында қатысушылар білім жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, педагогикалық тәжірибемен бөлісті.
Шымкент қаласындағы «Әль-Фараби» кітапханасында Шымкент қаласы білім басқармасы жанындағы “Ардагерлер кеңесінің” ұйымдастыруымен «Жаңа оқу жылына – жаңа қарқынмен» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадырбек Бөрібеков, сондай-ақ білім басқармасы мен оған қарасты ұйымдардың басшылары, ардагер педагогтер қатысты.
Маңызды жиынға 20-ға жуық ардагер ұстаздар мен білім беру мекемелерінің басшылары қатысып, білім саласындағы өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жаңа оқу жылына дайындық барысы, колледждер мен кәсіптік оқу орындарындағы маман даярлау деңгейі және мемлекеттік тапсырыстардың орындалуы сынды маңызды тақырыптар талқыланды.
Сондай-ақ Шымкент қаласы білім басқармасы “Психологиялық қолдау” орталығының басшысы Жандәулет Айтуарұлы баяндама жасап, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметтің жаңа оқу жылына арналған жоспарымен бөлісе отырып, 2025 жылы орын алған оқиғалардың жиі қайталанған себептері, қолдау шаралары және ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысымен бекітілген «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және құқықтарын қамтамасыз ету» жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы туралы баяндады.
Жиын барысында қатысушылар білім жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, педагогикалық тәжірибемен бөлісті. Дөңгелек үстел – жаңа оқу жылына жүйелі дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған тиімді алаңға айналды.