Шымкентте жеті айда 67 мыңнан астам азамат жеке басын куәландыратын құжат алған

0
946

Жеке басты куәландыратын құжаттар – жеке куәлік пен төлқұжат 10 жылға берілетіндіктен, адамдар көбіне оның мерзіміне қарауды ұмытып кетеді.


Шымкентте жеті айда 67 мыңнан астам азамат жеке басын куәландыратын құжат алған

Шымкент қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жыл басынан бері жеке басты куәландыратын құжат алу бойынша 67 мыңнан астам азаматтың құжатын рәсімдеген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жеке басты куәландыратын құжаттар – жеке куәлік пен төлқұжат 10 жылға берілетіндіктен, адамдар көбіне оның мерзіміне қарауды ұмытып кетеді. Сондықтан аталған корпорация жеке куәліктер мен төлқұжаттардың мерзімін жиі тексеріп, уақыты таяса, оны ауыстыру үшін ХҚО-ға кезекті алдын ала брондап қою керектігін ескертеді. Мамандар құжаттың мерзімі өтіп кетсе әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін екенін айтады.
Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару үшін кезекті алдын ала брондау тәртібі енгізілді. Кезекті брондау қызметі тегін және ресми түрде egov.kz порталы, телеграм-бот EgovKzBot 2.0 қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы ұсынылады.
Жеке басты куәландыратын құжатты мерзімі өтуіне, аты-жөнін өзгертуіне, құжаттың зақымдалуы мен жоғалуына байланысты қайта алу үшін Қазақстанның кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады, бұл орайда азаматтың қай жерде тұратыны және қай мекенжайда тіркелгені маңызды емес. Ал жеке куәлікті алғашқы рет алатын азаматтар, яғни 16 жасқа жаңа толып жатқан тұлғалар тіркелген тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға баруы тиіс.
Егер сізде құжаттарды алу процесін жеделдету қажеттілігі туындаса, онда жеке куәлікті ресімдеу күнін есептемегенде 2 жұмыс күні мерзімінде жедел көрсетілуі мүмкін. Ол үшін өтінішті тапсыру кезінде көші-қон қызметінің қызметкерін алдын-ала хабардар ету қажет.