Аталған электр станциядан алатын қуат көлемі жалпы тұтыну көлемінің 4%-ын құрайды.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Заман дамыған сайын электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Бірақ, барлық нәрсенің сарқылатын уақыты болады. Бүгінде әлем бойынша электр энергиясы күрделі мәселеге айналып келеді. Көп елдерде электр қуатының тапшылығы орын алуда. Аталған мәселені шешу мақсатында электр қуатын алатын балама жолдар қарастырылуда. Соның бірі - электр энергиясын өндіру үшін күн сәулесін пайдаланатын электр станциясы.
Күн энергетикасы дегеніміз – дәстүрлі емес энергетика бағыттарының бірі. Ол күннің сәулеленуін пайдаланып қандай да бір түрдегі энергияны алуға негізделген. Күн энергетикасы энергия көзінің сарқылмайтын бір түрі, әрі экологиялық жағынан да еш зияны жоқ.
Күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы, оның үстіне өз құнын жүз пайыз ақтайтын тиімді қондырғы. Жұмыс істеу мерзімі шамамен отыз жыл. Күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғылардың бірі – күн батареялары. Күн батареясы немесе фотоэлектрлік генератор – күн сәулесінің энергиясын электр энергиясына айналдыратын шала өткізгішті фотоэлектрлік түрлендіргіштен (ФЭТ) тұратын ток көзі.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда үшінші мегаполисте күннен қуат алатын бір күн электр станциясы бар. Оны 2019-2020 жылдары «Авелар солар технолоджи» ЖШҚ Ресей мемлекеті өндірушісі өз қаражаты есебінен салған. Жоба құны 6,2 млрд. теңгені құрайды (20 млн АҚШ доллары).
Ол қала аумағындағы Айкөл тұрғын алабында орналасқан. Қуаттылығы 20 МВт/сағ құрайды.