Шымкенттегі тәртіпсіздік: 60-қа жуық полиция машинасы жарамсыз күйге түсті

0
305

Наразылық білдірген белсенділер бірнеше көлікті де аударып тастады.


Шымкенттегі тәртіпсіздік: 60-қа жуық полиция машинасы жарамсыз күйге түсті

(сурет: видео кадрларынан алынды)

ERNUR.KZ. Жаңаөзенде басталған бейбіт шеру Шымкентте де жалғасты, деп жазады 24.kz

5 мыңнан астам халық қалалық әкімдіктің алаңына жиналды. Қымбатшылықты ұран еткен шерудің ақыры қақтығысқа ұласып, жиналғандар әкімдіктің ішіне басып кірді. Алтыншы қабатқа дейін көтерілген жұрт терезелерді сындырып, қолына ілінген бұйымдарды бүлдірген. Компьютерлерді өздерімен бірге алып кеткен.


Сондай-ақ 59 полиция машинасы жарамсыз күйге түсіп, біреуі түгел жанып кетті. Наразылық білдірген белсенділер бірнеше көлікті де аударып тастады. Әлі материалдық шығын толық есептелген жоқ. Түнгі сағат 21:00-дің шамасында басталған шеру таңғы төртке қарай тоқтатылды. 12 адам түрлі дене жарақатымен медицина мамандарының көмегіне жүгінді. Оның төртеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Олардың барлығы – полиция қызметкерлері. Жиналған жұрттың тәртіпсіздікке бой алдыруы арандатушылықтың салдары дейді әкімдіктегілер. Себебі арнайы топ халықтың арасына ұран тастап, бүлік шығарған.

"Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп тұрғандарды шабуылдай бастады. Қолдарында арматура, тас, әр түрлі құралдары бар. Сосын бір оншақты адам әкімдікке басып кірді. Алтыншы қабатқа дейін есіктерді қиратып, техникалардың бәрін бүлдіріп, құжаттарды далаға лақтырып, кейбір компьютер, ноутбуктарды өздерімен алып кеткен", деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.