Тамақ бергеннен кейін 15–20 минут өткен соң бала лоқсып, тұншыға бастаған.
Шымкентте жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандары уақытпен жарысып, тағы бір кішкентай өмірді сақтап қалды. Небәрі 2,5 айлық сәби сүтке тұншығып, тынысы тоқтаған сәтте дәрігерлердің жедел әрі үйлесімді әрекеті шешуші рөл атқарды.
1 ақпан күні сағат 00:14-те 103 пультіне шұғыл шақырту түскен. Жедел жәрдем бригадасы небәрі 6 минутта жетіп, бірден тексеруге кіріскен. Сол кезде сәби ес-түссіз жатқан, тыныс алуы мен пульсі анықталмаған.
Анасының айтуынша, қосымша тамақ бергеннен кейін 15–20 минут өткен соң бала лоқсып, тұншыға бастаған. Сәби қорылдап, көгере бастағанда анасы дереу қолына алып, жедел жәрдем шақырған.
Дәрігер мен фельдшер кідірместен реанимациялық көмек көрсетіп, екі-үш минут ішінде баланың жүрек соғысы мен тыныс алуын қалпына келтірді. Алғашқы медициналық көмектен кейін кішкентай пациент Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Мамандар ата-аналарға нәрестені тамақтандырғаннан кейін бірден жатқызбауға, баланың жағдайын мұқият бақылауға кеңес береді. Уақытылы көрсетілген көмек пен жедел шешім — тағы бір өмірді сақтап қалуға себеп болды.


