​Шымкенттік оқушылар АҚШ-та Қазақстан намысын қорғайды

0
293


​Шымкенттік оқушылар АҚШ-та Қазақстан намысын қорғайды

Орталық Азиядағы ең ірі робототехника және STEM-технологиялары фестивалі Alem Tech Fest 2026 қорытындыланып, Қазақстан құрамасы жасақталды. Құрама сапына Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің OVERTIME командасы кірді. Енді олар АҚШ-та өтетін әлемдік жарыстарда ел намысын қорғайды.

Астана қаласында өткен биылғы фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконгтан 5 мыңнан астам оқушы қатысты. Қатысушылар инженерлік шешімдер, робот құрастыру, бағдарламалау және командалық жұмыс бойынша бақ сынады. Нәтижесінде 16 үздік команда іріктеліп, Қазақстанның ұлттық құрамасы құрылды. Жеңімпаздар қатарынан көрінген Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің OVERTIME командасы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік финалында Қазақстан намысын қорғайды.

Бұл әлемнің ең үздік жас инженерлері бас қосатын халықаралық деңгейдегі беделді дода. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құрылған STRIKE командасы да жоғары нәтиже көрсетіп, Чикаго қаласында өтетін FIRST Premier Event байқауына жолдама жеңіп алды.

Бұл жетістік өңірдегі STEM-білім беру жүйесінің жүйелі дамуы мен дарынды жастарды қолдаудың нақты нәтижесі. Халықаралық аренада бақ сынайтын оқушылар Қазақстанның зияткерлік әлеуетін әлемге танытпақ.

Анықтама үшін:

Alem Tech Fest – Орталық Азиядағы ең ірі робототехника және STEM фестивалі. Фестиваль жас инженерлердің инновациялық жобаларын дамытуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, USTEM Foundation қоғамдық қоры және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Серіктес ұйымдар ретінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігі ат салысты. Бас демеуші – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ.

Бөлісу