Оқушылардың жетістігі елімізде білім беру саласындағы жаңашыл бағыттарды дамытуға, мектептерде STEM-білім беруді кеңінен енгізуге серпін береді.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының “Nauryz” командасы халықаралық деңгейде зор жетістікке қол жеткізді. 24–28 маусым күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен Dubai FIRST Off-Season іс-шарасы аясындағы FIRST LEGO League Challenge байқауында жасөспірімдеріміз “CORE VALUES AWARD WINNER” номинациясы бойынша 1-орынға ие болды.
Бұл жетістік – тек бір команданың ғана емес, бүкіл Қазақстан жастарының ғылым мен білім саласындағы әлеуетін паш еткен маңызды оқиға. Ауқымды халықаралық жарыс әлемдік деңгейде қолданбалы ғылым, технология және инновациялық білім беруге бағытталған беделді орталықтардың бірі – Rochester Institute of Technology (RIT) Dubai базасында ұйымдастырылды. Мұндай сайысқа қатысу – жас буынға білімді тәжірибемен ұштастырып, заманауи дағдыларды шыңдауға үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстан атынан өнер көрсеткен “Nauryz” командасының құрамында жетекші Беклан Момынбайұлы Тастанбек пен оқушылар Іңкәр Абай, Аян Нұрсұлтан және Айсұлтан Қожамұрат болды. Олар бірнеше ай бойы дайындалып, робототехника мен бағдарламалау саласындағы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, командалық жұмыс пен шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлді.
Жетекші Беклан Момынбайұлы өз шәкірттерінің еңбегін мақтанышпен атап өтіп, олардың табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында осындай биік белесті бағындырғанын жеткізді. Оның айтуынша, балалар тек техникалық білімдерімен ғана емес, сонымен бірге бір-бірін қолдау, ынтымақтастық және ортақ мақсатқа жету жолындағы ұжымдық рухымен ерекшеленді.
Жарыс барысында “Nauryz” командасы түрлі кезеңдерден сүрінбей өтіп, ғылыми-техникалық жобаларын ұсынды, роботтарды басқарудағы шеберліктерін көрсетті. Әсіресе, әділқазылар олардың топтық жұмысты ұйымдастырудағы мәдениеті мен құндылықтарға берік ұстанымын жоғары бағалады. Дәл осы қасиеттердің арқасында қазақстандық оқушылар “CORE VALUES AWARD WINNER” атағына лайық деп танылды.
Бұл жеңіс жас буын үшін үлкен ынталандыру болмақ. Оқушылардың жетістігі елімізде білім беру саласындағы жаңашыл бағыттарды дамытуға, мектептерде STEM-білім беруді кеңінен енгізуге серпін береді. Сонымен қатар, халықаралық аренада Қазақстанның білім жүйесінің әлеуетін көрсетіп, болашақта жастардың ғылым мен технология саласында әлемдік бәсекеге қабілетті бола алатынын дәлелдейді.