Дендросаябақта өткен салтанатты іс-шараға тұрғындар мол жиналды. Көрермендер алдымен жас домбырашылардың ерекше флешмобын тамашалап, мыңға жуық домбырашы бір мезетте қазақтың күйін орындады.
суреттер: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Шымкент қаласында Елбасы жарлығына сәйкес «Ұлттық домбыра» күні аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елімізде Елбасының Жарлығына сәйкес шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра» күні деп жарияланған болатын. Осыған орай Шымкент қаласы əкімдігінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті. Оған қала тұрғындары, қалалық әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Дендросаябақта өткен салтанатты іс-шараға тұрғындар мол жиналды. Көрермендер алдымен жас домбырашылардың ерекше флешмобын тамашалап, мыңға жуық домбырашы бір мезетте қазақтың күйін орындады.
Бұдан кейін дендросаябақта ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі ұйымдастырылып, қолөнер шеберлері қала тұрғындары мен қонақтарының назарына өздері жасаған ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды ұсынды. Олардың арасында домбыра жасаудың шебері Сәдібеков Қожабек те қолынан шыққан домбыраларын көрмеге қойды.
Мерекелік бағдарлама домбыра жасаудан шеберлік сағатына ұласып, қалаған адамдар сондағы шеберлерден ұлттық музыкалық аспаптың жасалу жолдарымен танысуға мүмкіндік алды. Бұған қоса саябақта домбыра күніне арналған концерт өтіп, Шымкент қаласының барлық қоғамдық көліктерінде домбырамен күй тартылып, термелер орындалды.