Кездесу барысында сенаторлар институттың материалдық-техникалық жай-күйін көзбен көріп, саланың өзекті мәселелеріне назар аударды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді.
Сапар аясында халық қалаулылары Қылмыстық істер жөніндегі сот сараптамасы институтының ұжымымен кездесу өткізіп, мекеме қызметінің барысымен танысты.
Кездесу барысында сенаторлар институттың материалдық-техникалық жай-күйін көзбен көріп, саланың өзекті мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, ғимараттың тозуы, заманауи зерттеу жүргізуге қажетті құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі және білікті кадр тапшылығы – сала қызметінің сапасына кері әсерін тигізіп отырған басты түйткілдер ретінде аталды.
Институт директорының орынбасары Динара Даулеткелдіқызы аталған мәселелерді растай отырып, мекеменің қазіргі жағдайына тоқталды:
«Бүгінгі күні ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Сараптамалық жұмыстарға арналған заманауи техникалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі мен маман тапшылығы – үлкен кедергі. Бұл түйткілдер жөнінде құзырлы органдарға бірнеше рет хабарладық. Бүгінгі кездесу нақты нәтижелерге жол ашады деп үміттенеміз», – деді ол.
Кездесу соңында сөз алған Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров сот сараптамасының құқықтық мемлекетті дамытудағы рөлін ерекше атап өтті:
«Сот сараптамасының дәлдігі мен жеделдігі – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі. Саладағы мәселелерді Үкімет деңгейінде көтеріп, тиісті ұсыныстар енгіземіз. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам», – деді депутат.
Жиын сарапшылар мен заң шығарушылар арасындағы тікелей пікір алмасуға мүмкіндік беріп, салада қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуге жол ашты.