Қызмет сапасын арттыру мақсатында Орталық құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау және заңгерлік ұйымдармен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жұмыс жүргізуде.
сурет: pinterest.com
Шымкенттегі №7 үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2025 жылдың басынан бері 928 адамға үйде қызмет көрсетті.
Олардың қатарында егде жастағы өз-өзіне күтім жасай алмайтын қариялар, I және II топтағы мүгедектер, тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар ерекше балалар мен ересектер бар.
Орталықтың негізгі бағыты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үй жағдайында қолдау көрсету. Қызмет алушыларға медициналық, психологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық, педагогикалық, құқықтық, мәдени, еңбек және экономикалық бағытта кешенді көмек көрсетілуде. Мамандар олардың әрқайсысының жағдайын жеке зерттеп, қажетті көмекті уақытылы ұйымдастырады.
Орталық қызметкерлері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жөргек, жаялық, тері күтіміне арналған құралдар, ортопедиялық аяқ киім, таяқша, балдақ, әлеуметтік такси, оңалту орталықтарына жолдама және басқа да техникалық құралдарға өтініш беруге көмек көрсетті. Жыл басынан бері нақты көмек алғандар саны артып келеді. Әрбір қызмет алушының қажеттілігі назардан тыс қалмайды.
Қызмет сапасын арттыру мақсатында Орталық құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау және заңгерлік ұйымдармен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жұмыс жүргізуде. Әлеуметтік қызметкерлер мен күтім мамандары қызмет алушылардың үйлерін тұрақты түрде аралап, фототіркеу арқылы есеп береді. 2025 жылы 354 қызмет алушымен жеке кездесулер өткізіліп, тұрмыс жағдайлары зерттелді.
Мерекелік күндер назардан тыс қалмайды. «Алғыс айту» күніне орай видео-роликтер мен кештер ұйымдастырылса, 8 Наурыз мерекесінде қарт аналарға азық-түлік себеттері таратылды. Тыл ардагерлеріне Президент Жарлығына сәйкес медальдар мен сыйлықтар тапсырылды.
Орталық балаларға тек көмек көрсетіп қана қоймай, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға ерекше мән береді.
Ғимараттың ішкі-сыртқы қолжетімділігіне де назар аударылды. Арбадағы азаматтарға арналған белгілер орнатылып, кіру аймағы қайта жабдықталды. Аула мен ішкі кеңістік абаттандырылып, гүлдер мен ағаш көшеттері отырғызылды.
Орталық – тек көмек көрсететін мекеме емес, өмірге үміт сыйлайтын орын. Мұнда әрбір адам назарда, әрбір мұқтаж – қамқорлықта.