Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Бахадыр Нарымбетов Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымымен кездесіп, жаңа Конституцияның негізгі бағыттарын түсіндірді.
Жиынды департамент басшысы Базарбаев Құнар Бекенұлы жүргізіп отырды. Кездесуге қалалық мәслихаттың бірқатар депутаттары да қатысты. Басқосу барысында конституциялық реформаның мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды.
«Конституциялық реформа қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға негізделіп отыр» деген Бахадыр Нарымбетов жаңа Конституция – шын мәнінде халықтық құжат екенін, комиссия жұмысы барысында 21 күнде 10 мыңға жуық ұсыныс түскенін атап өтті.
–Бұл азаматтардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Жаңа редакцияда Бір палаталы Парламент құру туралы шешім қабылданғаны айтылды. Бұл заң шығару үдерісін ықшамдап, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған қадам ретінде бағаланды, - деді ол.


