Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік белсенді шаралары жөнінде кеңінен ақпарат беру, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама елдің еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге, жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін арттыруға және жастарды нақты еңбекке баулуға бағытталған.
Осыған орай Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысымен және «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен шаһарда ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Абай ауданындағы Дендросаябақта өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрғындардың айрықша назарын аударды. Жәрмеңкеге әртүрлі жас санатындағы азаматтар, жұмыссыз жастар, әлеуметтік топ өкілдері және еңбек нарығында өз орнын іздеп жүрген мамандар жиналды.
Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік белсенді шаралары жөнінде кеңінен ақпарат беру, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату.
Қазіргі таңда еңбек нарығы қарқынды өзгеріп келеді. Әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етуде. Сол себепті осындай жәрмеңкелер азаматтардың өз мүмкіндігін бағамдап, еңбек нарығына бейімделуіне көмектеседі.
Жәрмеңке аясында азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар таныстырылып, кәсіптік оқуға қатысу, гранттық қолдау алу, қысқа мерзімді курстарға жазылу жолдары түсіндірілді.
Жұмыс берушілер мен ұсынылған бос орындардың түрлілігін де айта кету керек-ақ.
Іс-шараға түрлі саладағы 20-ға жуық мекеме қатысып, жүздеген бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім, өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және сауда салалары бойынша сұранысқа ие мамандықтар бар.
Мәселен, денсаулық сақтау мекемелері медбике, санитар, лаборант қызметтерін ұсынса, білім саласындағы ұйымдар мұғалімдер мен тәрбиешілерге қажеттілік бар екенін жеткізді. Құрылыс және өндіріс компаниялары да дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, инженер секілді жұмысшы мамандықтарына сұраныстың жоғары екенін атап өтті.
Сонымен қатар, жәрмеңке барысында өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы да кеңінен түсіндірілді. Павлодар облысынан келген арнайы делегаттар сол өңірдегі бос жұмыс орындарын таныстырып, тұрақты еңбек етуге ниетті азаматтарға қолайлы жағдайлар қарастырылғанын жеткізді.
Жұмыспен қамту басқармасының бастамалары қашанда нәтижелі боларына басшылар да белсене араласауда.
Шараға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева арнайы қатысып, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысты. Ол орталық мамандарына тұрғындарды тұрақты қызмет орындарына жолдауға ерекше басымдық беруді тапсырды.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда халықты жұмыспен қамту саласында кешенді шаралар қабылданып отыр. Соның ішінде қысқа мерзімді оқыту, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстарға тарту және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету сияқты бағыттар бар.
Жәрмеңкенің қорытындысы да нәтижелі деп айтуға болады. Іс-шара қорытындысында 80-нен астам азаматқа ақпараттық буклеттер таратылып, жұмыспен қамту шаралары туралы толық мәлімет берілді. Сонымен қатар:
38 тұрғынға «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы орнатылып, онлайн оқу мен тіркелу жолдары көрсетілді;
40-тан астам азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді;
олардың 36-сы тұрақты жұмысқа орналасты;
7 азамат жастар практикасына жолданды;
4 азамат қоғамдық жұмысқа жіберілді;
14 азамат қысқа мерзімді оқуға бағытталды.
Бұл көрсеткіштің өзі жәрмеңкенің нақты нәтижесін көрсетеді. Әсіресе жастардың жұмысқа орналасуы – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың басты кепілі.
Әлеуметтік маңызы зор мұндай іс-шаралар қала тұрғындарының арасында оңлы нәтиже көрсетуде.
Мұндай жәрмеңкелердің маңызы тек бос жұмыс орнына орналастырумен шектелмейді. Ол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, жастардың белсенділігін арттыруға, еңбек мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Сонымен бірге азаматтар еңбек нарығында өздеріне қажетті бағытты анықтап, кәсіби даму жолын таңдауға мүмкіндік алады. Қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары арқылы жаңа кәсіп меңгеріп, еңбекке араласуға жол ашылады.
Жәрмеңке барысында айтылған тағы бір маңызды ой – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру қажеттілігі. Өйткені ел экономикасының негізін ұстап тұрған да осы сала мамандары.
Айта кету керек, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жөніндегі ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты түрде насихатталуда. Бұл қадам қоғамның кең ауқымын қамтып, еңбекке ынталы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер береді.
Шымкентте өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың нақты көрінісі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылып жатқан мұндай іс-шаралар елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, еңбек нарығын дамытуға және жастардың белсенділігін арттыруға жол ашады.
Жәрмеңке нәтижесінде ондаған азамат тұрақты жұмысқа орналасып, тағы біразы оқуға жіберілді. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің жемісі.