Шымкент қаласында “Samgau” республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі өтті.
Шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мақсаты – ұлттық киноөндірістің дамуына серпін беру, шығармашыл жастарды қолдау және жаңа есімдерді кино кеңістігіне таныту.
Фильмдер келесі тақырыптар бойынша қабылданды:
«Шымкент – сүйікті қалам!», «Мен және Әлем», «Ұлттық құндылық – тәрбие негізі», «Жұмысшы мамандықтардың рөлі», «Экология», «Тіліміздің тағдыры – біздің қолымызда».
Бұл тақырыптар бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жастардың көзқарасын, ой-толғауын бейнелеуге жол ашты.
Фестиваль аясында өткен салтанатты ашылу рәсімі Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және еліміздің кино саласындағы белгілі тұлғалар, өнер майталмандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қазылар алқасы құрамында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі продюсер Қанат Төребай, Канн фестивалінің “Үздік актриса” жүлдегері Самал Еслямова, “Айка” фильмінің режиссері, Канн лауреаты Сергей Дворцевой, «Қошқар мен Теке» анимациялық фильмімен танымал режиссер Батырхан Дәуренбеков және Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Адай Әбілдинов болды.
“Samgau” фестивалі – бұл жай ғана байқау емес, сонымен қатар жас киногерлер үшін тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыс орнататын алаң. Жастардың кино тілі арқылы өз ойын жеткізуі – қазақ киносының жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Фестиваль көрермендерге тың тақырыптар мен жаңа есімдерді таныстырып, ұлттық киноөндірістің болашағына сенім ұялатты.