"Біраз боксшы құрамадан кетеді": Ғалым Кенжебаев Токио Олимпиадасын қорытындылады

0
497

Күншығыс елінен ұшып келген спортшылар арасында жазғы ойындардан бұрын-соңды "алтынсыз" қайтпаған бокс құрамасы да болды.


ERNUR.KZ. Олимпиада астанасынан қайтқан спортшылардың соңғы легі елге оралды, деп жазады Vesti.kz.

Күншығыс елінен ұшып келген спортшылар арасында жазғы ойындардан бұрын-соңды "алтынсыз" қайтпаған бокс құрамасы да болды. Осы орайда команданың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев бес жыл күткен жарысты қорытындылады.

"Өкінішке қарай, бұл Олимпиадада алтын да, күміс те болмады. Қоржынға небәрі екі қола жүлде түсті. Негізі жарыстың алдында бір алтын, бір күміс, бір қола медаль аламыз деп барғанбыз. Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтен үміт күткенбіз. Алайда ол алғашқы жекпе-жегінде ресейлік Имам Хатаевтан өте алмады. Күміс жүлдені Қамшыбек Қоңқабаев алуы тиіс болған. Өздеріңіз көргендей, Қамшыбек жартылай финалда америкалыққа есе жіберді. Оның қарсыласын бұрыннан білеміз. Бірақ бұл жолы жақсы дайындықпен келіпті. Соққылары ауыр екен. Соның салдарынан аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шеберіміз қола медальдан ары аса алмады. Ал қалған қола жүлдені шамамен екі боксшымыздың алатын мүмкіндігі болды. Оны құрамадағы кез-келгенінен күттік. 52 келіге дейінгілер арасында Сәкен Бибосынов әдемі боксымен қуантты. Токиоға тыңғылықты дайындалды. Рингте өз-өзін дәлелдеймін деп өнер көрсетті. Сәкеннің Олимпиада чемпионы болатын мүмкіндігі бар еді. Бокс деген өзі ғажап спорт қой. Осы ойындарда бразилялық спортшы алтыннан алқа тағынды. Бокстағы бәсеке соңғы секундқа дейін жалғасады. Зәкір Сафиуллин ширек финалда сүрінді. Әбілхан Аманқұл да қуанта алмады. Енді жарыс қорытындысы бойынша анализ жасаймыз", - дейді Ғалымбек Кенжебаев .

Құрама боксшыларының ізбасарлары туралы не айтасыз? Өсіп келе жатқан жастардың деңгейі қандай?

"Қазір елімізде бокстың резерві мықты. Олимпиадаға бара алмай қалған мықты жігіттер бар. Ол жігіттер 2024 жылы өтетін Париж ойындарында жарқырайтын болады. Токиодан кейін құрамадағы спортшылардың біразы бокстан кетеді. Бірі кәсіпқой боксқа ауысса, бірі карьерасын аяқтайды дегендей. Жалпы алғанда буын алмасу процесі болады. Осы ретте жастардың тәжірибе жинақтап, келесі төрт жылдыққа жақсы дайындықпен баруына мүмкіндіктері бар. Құлдыраудан кейін биікке әлі-ақ көтерілеміз", - дейді Бас бапкер.

Токио ойындарында ХОК (Халықаралық Олимпиада Комитеті) төрешілері жұмыс істеді дегенді естідік. Бұрынғыдай АИБА-ның әділ-қазылары болғанда жағдай басқаша болар ма еді?

"Расымен XXXII ойындарда ХОК өкілдері АИБА-ны араластырмағаны рас. Алайда сол жарысты ұйымдастырушы комитет (ХОК) компьютерлік технология бойынша АИБА төрешілерін кездейсоқ таңдады. Себебі ХОК-та арнайы маманданған төрешілері жоқ десе болады. Алайда бокс қауымдастығының қазылары дайындықсыз келгенін байқадық. Біреуінің деңгейі төмен болса, екіншісі дұрыс шешім қабылдай алмай жатты. Ал кейбіреулері болса тіпті ағылшын тілін білмейтін болып шықты. Шешім шығару кезінде соның салдарынан олар әділ шешім жасай алмай жатты. Тіл білетін төрешілерге жалтақтап жатқанын көрдік", - дейді Ғалымбек Кенжебаев.

Еске салайық, 52 келіде Сәкен Бибосынов пен аса ауыр салмақта капитан Қамшыбек Қоңқабаев турнирдің үшінші орындарын иеленді.