CAS үш дүркін Олимпиада чемпионын сегіз жылға спорттан шеттетті

0
741

28 жастағы спортшы 2020 жылдың 28 ақпанынан бастап спорттық жарыстарға қатыса алмайды.


CAS үш дүркін Олимпиада чемпионын сегіз жылға спорттан шеттетті

ERNUR.KZ. Спорттық арбитраж соты (CAS) жүзуден үш дүркін олимпиада чемпионы қытайлық Сунь Янды антидопинг ережесін бұзғаны үшін сегіз жылға спорттан шеттетті, деп жазады ҚазАқпарат.

28 жастағы спортшы 2020 жылдың 28 ақпанынан бастап спорттық жарыстарға қатыса алмайды.

2018 жылы Сунь Ян одан сынама алуға келген допинг-бақылау офицерінің көзінше сынаманы балғамен ұрып, сындырған еді. Алғашқыда ол несебін тапсырудан бас тартып, кейін ыдысты балғамен сындырған және ішіндегі қан сынамасын тартып алған.

Халықаралық жүзу федерациясы (FINA) спортшыға ешқандай санкция жасамады, алайда Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (WADA) CAS-қа істі қайта қарауды талап еткен. 2014 жылы Сунь Ян тыйым салынған затты пайдаланғаны үшін үш айға спорттан шеттетілді, бұл туралы оның мерзімі аяқталған кезде жарияланды. CAS бұзушылықтың қайталануына байланысты ең ұзақ санкция салды, яғни ол сегіз жылға спорттан шеттетілді.

Сунь Яннің бұзушылығы 2019 жылғы әлем чемпионаты басталғанға дейін тіркелгенімен, қытайлық спортшы иеленген екі алтын жүлде алынған жоқ. Себебі, турнирде спортшының допинг-сынамалары теріс нәтиже берген.