Қазақстандық теннисші Литвада өткен турнирдің абсолютті чемпионы атанды

0
793

Осы жеңісінің арқасында Денис алдағы дүйсенбіде әлемдік рейтингіде 349-орынға көтеріледі.


Қазақстандық теннисші Литвада өткен турнирдің абсолютті чемпионы атанды

ERNUR.KZ. Қазақстандық Денис Евсеев Литва астанасы Вильнюсте өткен ITF турнирінің абсолютті жеңімпазы атанды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Федерацияның мәлімдеуінше, жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған жарыста Д.Евсеев жекелей және жұптық сында үздік шықты.

Алдымен Денис белоруссиялық Иван Лютаревичпен бірге жұптық сын финалында мажарстандықтар Фабиан Марожан мен Петер Файтты тартысты матчта 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді. Д.Евсеев жекелей сында финалда финляндиялық Отто Виртаненді 5:7, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен ұтып, чемпион атанды.

Осылайша Д.Евсеев ITF додаларындағы 18-інші (соның 8-і жекелей сында) титулына қол жеткізді. Литвадағы осы табысының арқасында Денис алдағы дүйсенбіде әлемдік рейтингіде 349-орынға көтеріледі.

Сондай-ақ Дамир Жалғасбай Минск қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Tennis Europe турнирінде сәтті өнер көрсетті. Д.Жалғасбай әуелі белоруссиялық Станислав Балибенкомен бірге жұптық сын финалында Владимир Кадобине (Беларусь) – Артемий Лазаревті (Ресей) 6:0, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал жекелей сында соңғы бәсекеде ғана ресейлік Алексей Фроловқа есе жіберді – 4:6, 1:6.