"Қазақстанда ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ СЕРВИСІН жаңа деңгейге шығарғым келеді": Жанель Сағындық

0
236

Қазақстандық студент Жанель Сағындық халықаралық байқауда "Қонақ үй" қызметі бойынша тың жоба ұсынып, жеңімпаз атанды


фотосурет: adilet.edu.kz сайтынан

Біз көбіне шетелдік фильмдерден қонақ үйдегі қызметкерлердің сыпайылығы мен жасаған қызметтеріне таңданып, "Шіркін, бізде де осындай болса ғой!" деп армандайтын едік. Бірақ енді бұл арманды Қазақстанның жас жұлдызы, Алматы қаласындағы «Әділет» колледжінің 4 курс студенті Жанель Сағындық шындыққа айналдырды! Ол әлемдік деңгейде қонақ үй сервисі бойынша үздік атанып, халықаралық WorldSkills-2024 чемпионатында Қазақстанға алғашқы медальон сыйлады.

Бұл жеңістің маңыздылығы тек Жанельдің жетістігімен ғана шектелмейді. Осыған дейін Қазақстан бұл салада ешқашан халықаралық байқауларда орын алмаған болатын. WorldSkills чемпионатында еліміздің қонақ үй индустриясы алғаш рет танылып, Қазақстан құрамасы әлемнің үздік 69 елі арасында 29-орынды иеленді. "Біздің елімізде сервистік қызмет көрсету саласы халықаралық талаптарға сай емес екені рас. Бірақ бұл мәселені шешу менің арманым еді. Қонақтардың көңілінен шығып, оларға ерекше әсер қалдыру үшін шығармашылықпен, жауапкершілікпен қарау керек, сол арманымды жүзеге асыру барысында көп іздендім, сервисі жақсы дамыған Франция, Швейцария сияқты мемлекеттердің қонақ үй қызметтерін әбден зерттедім", – дейді Жанель.

Францияның Лион қаласында өткен WorldSkills-2024 чемпионаты Жанель үшін үлкен өмір мектебі болды. Байқауға 69 елден 1500-ге жуық колледж студенті қатысып, өз мамандықтары бойынша сайысқа түсті. Жанельдің «Қонақ үй – ресепшионист» құзыреттілігіндегі ерекше көзқарасы қазылар алқасын таңғалдырды. Ол қонақтарға қызмет көрсетудің дәстүрлі тәсілдерін заманауи технологиялармен үйлестіріп, инновациялық әдістер ұсынған. Чемпионатта Жанель "Ақылды қонақүй картасы" жобасын ұсынды. Бұл карта қонақтарға бөлмедегі жарықты, температураны, тіпті мейрамханадан тағамға тапсырыс беруді смартфон арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Бұл жоба қонақтардың жайлылығын арттырып қана қоймай, қонақүй қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыруға да септігін тигізеді. «Ақылды қонақ үй картасы» дамыған кейбір мемлекеттерде бар болғанымен, Жанельдің ұсынған жобасының ерекшелігі – бұл картаның еліміздің мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктерді байланыстыруында. Жанель ұсынған жүйе арқылы қонақтар Қазақстанның мәдени мұралары мен дәстүрлерін танып-білуге мүмкіндік алады: мысалы, ұлттық тағамдарды дайындау бойынша онлайн-шеберлік сабақтарға қатысу, қазақтың салт-дәстүрлері туралы интерактивті ақпарат алу, сондай-ақ жергілікті көрікті жерлерге виртуалды экскурсиялар жасау функциясы қарастырылған. Бұл тек қонақтардың жайлылығын қамтамасыз етумен шектелмей, еліміздің туристік имиджін арттыруға бағытталған инновациялық шешім болып табылады.

Жанельдің басты мақсаты – Қазақстандағы сервистік қызмет көрсету саласын әлемдік деңгейге жеткізу. Ол ұлттық мәдениетімізді қонақүй қызметімен үйлестіріп, шетелдік туристердің ерекше әсер алуына жағдай жасауды көздейді.

"Біздің елдің табиғаты мен қонақжайлылығы керемет, бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге сервисті жетілдіру арқылы туристердің Қазақстан туралы жақсы пікір қалыптастыруына ықпал етуіміз керек. Мен еліміздің бұл саладағы кемшіліктерін түзеп, оны жаңа биіктерге шығарғым келеді," – деп бөлісті Жанель.

Бұл жеңіс тек Жанельдің жеке жетістігі емес, Қазақстанның сервистік қызмет көрсету саласындағы дамуға жасаған алғашқы қадамы. Оның табандылығы мен жаңашыл көзқарасы болашақта елдің қонақжайлылық индустриясын дамытуға үлкен серпін беретіні анық.