Дана Қадырбек заманауи наноматериалдарды қолдана отырып, атмосфера су жинайтын құрылғы ойлап тапқан.
ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы қаласындағы №79 гимназияның оқушысы Дана Қадырбекпен кездесіп, меморандум жасасты, деп жазады baq.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Дана Қадырбек заманауи наноматериалдарды қолдана отырып, атмосфера су жинайтын құрылғы ойлап тапқан. Бұл қондырғы электр желісіне қосылмай-ақ ауадағы ылғалды тімді сіңіріп, конденсациялауға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Дана Қадырбек құрылғының жұмысын бірлесіп талдауды, жобаны пилоттық режимде іске асыруды, ақпарат пен деректер алмасуды, сондай-ақ технологияны кеңінен қолдану мүмкіндігін зерттеуді көздейтін меморандумға қол қойды.
Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновациялық технологиялар департаментіне бұл әзірлемені пилоттық режимде енгізу бойынша барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ ведомство басшысы жоба авторына алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.
Дарынды жастардың су үнемдеу мәселелеріне бейжай қарамай, бірегей ғылыми жобалар әзірлеп, жүзеге асырып жүргені қуантады. Біз бұл жобаны бұрыннан бақылап келеміз. Ол су ресурстарын үнемдеуде ерекше шешім ұсынады, бұл әсіресе шалғай аймақтар үшін маңызды. Құрылғының ылғал аз кезде де атмосферадан су жинай алуы оның практикалық қолданылуын кеңейтеді. Қазіргі заманауи наноматериалдар мен күн энергиясын қолдану бұл жобаны «жасыл» инновациялардың маңызды жобасына айналдырады, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кету керек, ғылыми жоба халықаралық және республикалық деңгейдегі бірнеше конкурста жоғары баға алған. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореяда өткен WICO халықаралық көрмесінде 36 ел мен 2000-нан астам қатысушы арасынан I орынды, Индонезиядағы Жастардың халықаралық ғылыми жәрмеңкесінде (YISF) 24 ел арасынан I орынды иеленді. Сондай-ақ ҚазҰУ халықаралық конференциясында және Kazakhstan Smart Space ғарыштық технологиялар байқауында марапаттарға ие болды.
Дана Қадырбектің жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіпті дамыту ұйымымен (UNIDO) бірлесіп жүзеге асырылатын «жасыл» стартаптарды қолдау жөніндегі Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) халықаралық бағдарламасының он жартылай финалисінің қатарына енді. Жоба Қазақстан бойынша 500-ден астам өтініштің ішінен іріктеліп алынған.
Бүгінгі кездесу өте жақсы әсер қалдырды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің жас ғалымдарға белсенді қолдау көрсетіп жатқаны ерекше қуантады. Мұндай қолдау менің ғылыми жұмысымды әрі қарай жалғастыруыма үлкен мотивация береді. Министрдің бүгін берген тапсырмасының арқасында біз құрылғыны далалық жағдайда сынап көруге және жобаны пилоттық режимде іске асыруға мүмкіндік аламыз, – деді Дана Қадырбек.


