Оңт. Кореядағы қазақ студенті: "Қазақстанның косметология саласын жаңа деңгейге көтергім келеді"

0
533


Оңт. Кореядағы қазақ студенті:

Қазіргі таңда әлемдік деңгейде сапалы білім алуға ұмтылған жастардың қатары күн санап артуда. Әсіресе, шетелде оқуға бел буып, білім мен мәдениетті қатар игеріп жүрген қыздарымыздың жетістігі ел мерейін асқақтатады.

Осындай жас таланттардың бірі – Оңтүстік Кореяда, косметология мамандығында білім алып жатқан қазақ қызы Ақниет Сембек. Оның шетелдегі өмірі, оқу жүйесіндегі ерекшеліктері және өзге елде табысты болу құпиялары туралы сұхбаттасып көрген едік.


- Корей еліне қалай бардыңыз және неге дәл осы елді таңдадыңыз?

- Түркістан қаласының тумасымын. 11-сынып оқып жүргенде шетелде оқу жайлы көп іздене бастадым. Дамыған әрі қауіпсіз ел ретінде Оңтүстік Корея ерекше көзіме түсті. Алғашында тек корей тілін үйрену мақсатында келіп, осында оқуды бастадым. Көп ізденіс барысында Кореяның косметология саласы бойынша әлемде жетекші орын алатынын түсіндім. Корея косметика саласы бойынша дамығандықтан, осы елден білім алсам, үлкен мүмкіндіктерге ие болатынымды түсіндім. Сонымен қатар, косметология саласында оқуға грант бар екенін біліп, өзімді сынап көргім келді. Түскенім туралы хат алған кезде қатты қуандым, себебі бұл менің бұрыннан келе жатқан арманым еді.


- Косметология саласына қызығушылығыңыз қашан және қалай пайда болды?

- Қызығушылығым мектепте химия пәнін оқып жүргенде басталды. Косметикалық өнімдердің теріге қалай әсер ететінін және құрамындағы әртүрлі заттардың әсерін зерттеу мені қатты қызықтырды. Теріге сіңетін өнім болғандықтан, оның құрамын тереңірек зерттеп, түсінгім келді. Сонымен қатар, болашақта өз атыма косметикалық өнім шығару туралы үлкен мақсат қойдым. Бұл менің осы салада білім алуға деген құштарлығымды одан әрі арттырды.


- Оқуға түсуге көмектескен бағдарламалар немесе гранттар жөнінде кеңірек айтып беріңізші.

- Мен Global Korea Scholarship Program (GKS) бағдарламасының грантын жеңіп алдым. Бұл – Оңтүстік Корея Үкіметінің ең жомарт стипендиялық бағдарламаларының бірі. Қазақстаннан Кореяға келерде барлық шығындарымды қамтыды: ұшақ билетін төледі, келген кезде қарсы алып, студенттер үйіне орналастырды. Бағдарлама оқу ақысын 100% жабады және ай сайын стипендия төлейді. Егер корей тілін білмесеңіз, 1 жыл бойы тегін тіл курстарын оқуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кітап сатып алуға арналған қосымша қаражат пен медициналық сақтандыру шығындарын да қамтамасыз етеді. Бұл бағдарлама маған арманыма жетуге үлкен мүмкіндік берді.


- Корей университеттерінде косметология саласында оқу қандай ерекшеліктерімен таң қалдырды?

- Корея университеттерінде косметология саласы өте жоғары деңгейде оқытылады. Біріншіден, бұл елде теория мен практиканың үйлесіміне ерекше назар аударылады. Сабақтар тек дәрістерден тұрмайды, сонымен қатар студенттер нақты өнімдермен жұмыс істеуді, құрал-жабдықтарды қолдануды, тіпті клиенттерге қызмет көрсетуді де үйренеді.

Қарапайым мысал - біз жыл сайын қаладағы ең үлкен фестивальге барып өте арзан бағаға косметикалық процедуралар көрсетеміз. Ақы алмағанымызбен, тәжірибе жинаймыз.
Екіншіден, оқыту үдерісі әлемдік стандарттарға сай және жаңа технологияларды қолдану арқылы жүреді. Мысалы, теріні диагностикалауға арналған заманауи құрылғылармен жұмыс істейміз. Бұған қоса, косметология саласындағы соңғы трендтер мен инновациялар туралы үнемі ақпарат беріледі.

Тағы бір ерекшелігі – Кореяның косметикалық индустриясының өте дамығандығы. Университеттер косметика өндірісінің үздік компанияларымен серіктестік орнатып, студенттерге тәжірибеден өту мүмкіндігін береді. Бұл оқуды қызықты әрі нәтижелі етеді.


- Біздің елде және Оңт.Кореяда косметологияны оқытуда қандай айырмашылықтар бар?

- Қазақстанда косметологияны оқыту туралы нақты білмеймін, бірақ Оңт.Кореяда бұл саланың ерекшеліктері қатты байқалады. Мысалы, Кореяда эстет-косметолог инъекция жасауға құқығы жоқ. Инъекция сияқты процедураларды орындау үшін міндетті түрде медициналық білім және арнайы мемлекеттік лицензия болуы керек. Ол лицензияны алу оңай емес, кәрістер өздері 15 рет тапсырып өте алмай қалғандар болған.

Мен диплом алуым үшін сол лицензияны алуым керек. Кореяда косметология саласы қатаң тексеріледі және кәсіби стандарттар жоғары қойылған.

- Сіздің оқу бағдарламаңызда қандай пәндер негізгі болып саналады?

- Корея университеттерінің бір ерекшелігі – double major мүмкіндігі, яғни оқу бітіргенде екі мамандық иесі атануға болады. Әрине, бұл екі есе көп оқуды талап етеді. Менің негізгі мамандығым – Beauty and Health Management (Сұлулық пен Денсаулықты Басқару), ал екінші мамандығым – Cosmetic Science (Косметика Ғылымы). Негізгі мамандығымда анатомия, тері құрылысы, тері әдемілігі сияқты пәндерге басымдық беріледі. Ал Cosmetic Science мамандығында негізгі пән – химия. Бұл екі мамандық бір-бірін толықтырып, косметология саласында терең білім алуға мүмкіндік береді.

- Практика жасау мүмкіндігі туралы айтып берсеңіз. Клиникаларда немесе салондарда тәжірибе өтуге мүмкіндік бар ма?

- Корея университеттерінде тәжірибе өту мүмкіндігі бар, әрі ол кәдімгі жұмыс істегендегідей жарты айлық төленеді. Әр семестрдің соңында жазда екі ай (шілде, тамыз) және қыста екі ай (қаңтар, ақпан) каникул кездері болады. Семестр кезінде университет тәжірибеден өтуге студенттерді жинайды, сол кезде сіз резюмеңізді жібересіз, профессорлар сізге сәйкес келетін компания, клиника немесе салон тауып, тәжірибеден өтуге жібереді. Жылына екі рет, оқу бітірмей, студент болып жүргенде жазда 8 апта, қыста 8 апта жұмыс істеуге болады. Кейбір студенттер оқу бітірген соң сол тәжірибеден өткен орындарында тұрақтап, жұмысын жалғастырады.

- Косметологияның қай саласы сізді ерекше қызықтырады?

- Мен косметолог-эстетпін және бұл сала маған өте қызықты. Университеттің бірінші курсынан бастап, профессорлар ментор таңдауға мүмкіндік береді. Кореядағы профессорлардың көпшілігінде косметологиялық клиникаларда және компанияларда жұмыс тәжірибесі мол, сондықтан олар бізге жақсы бағыт-бағдар беріп, кәсіби кеңестер береді.
Екінші мамандығым бойынша косметика құрамын зерттеу мені ерекше қызықтырады. Мен косметика зерттеуші ретінде жұмыс істеп көргім келеді, өйткені бұл салада жаңалықтарды ашу және инновациялық өнімдер жасап шығаруға болады.



- Қазақстанда косметология саласының болашағын қалай бағалайсыз?

- Қазақстанда косметология саласының болашағы өте зор деп ойлаймын. Сұлулық индустриясы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр, ал адамдар өз денсаулығына, сыртқы келбетіне көбірек мән бере бастады. Бұл салаға сұраныстың артуы косметологияға бағытталған қызметтер мен өнімдердің көбейіп, жаңа мүмкіндіктер туғызып жатыр. Сонымен қатар, косметология саласының жаңа әдістерін үйреніп, тәжірибе жинақтау үшін шетелде білім алу мүмкіндігі қарастырылады. Қазіргі уақытта елімізде косметологияға деген қызығушылық артып келеді, сондықтан мен осы салада өз білімім мен дағдыларымды қолдана отырып, Қазақстанда косметология саласын жаңа деңгейге жеткізгім келеді.


- Өз еліңізге қайтып келіп, осы салада жұмыс істеу жоспарыңызда бар ма?

- Әрине, шетелде оқып, тәжірибе жинағаннан кейін Қазақстанға қайтып, өз еліме қызмет етуді жоспарлап отырмын. Алдымен, үлкен косметикалық компанияда зерттеуші ретінде жұмыс жасап, шын өмірлік тәжірибе жинағым келеді. Осы тәжірибені пайдалана отырып, өз саламда ілгерілеу жасап, Қазақстанның косметология саласын дамытуға үлес қосқым келеді. Менің болашағымды Қазақстанда көремін, сондықтан шетелде қалу ойымда жоқ.


- Кореядағы күнделікті өміріңіз қандай? Бұл елдегі өмір сүру ерекшеліктеріне қалай бейімделдіңіз?

- Кореядағы күнделікті өмірім өте қызықты әрі бір-біріне ұқсамайды. Мұнда оқу мен жұмыс арасында уақытты тиімді басқаруды үйрендім. Кореяда мәдениет пен әдет-ғұрыптар өте маңызды, сондықтан мен осы ерекшеліктерді құрметтеуге тырысамын. Күнделікті өмірде корей тілін үйреніп, жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас жасау өте пайдалы болды.

Қазақ қызы ретінде бұл елдегі өмірге бейімделу оңай болған жоқ, бірақ әрбір жаңа тәжірибе мен үшін үлкен сабақ болды. Бастапқыда тілдік кедергілер мен мәдени айырмашылықтар қиындық туғызса да, уақыт өте келе осы елдің дәстүрлері мен өмір салтына үйреніп кеттім. Корей халқының қонақжайлылығы мен достығы маған қатты көмек берді. Күнделікті өмірде ата-анамның тәрбиесі мен еліміздегі мәдени құндылықтар мені бұл елде өз орнымды табуға көмектесті.


- Екі ел арасындағы айырмашылықтар туралы не айтасыз?

- Корей халқының мәдениеті маған терең әсер етті. Олардың еңбекқорлығы, тәртіпті жақсы көретіндігі және бір-біріне деген құрметі мені ерекше тәнті етті. Бұл қасиеттер менің өміріме де әсер етіп, өзімді ұқыпты әрі жауапкершілігім мол болуға үйретті. Сондай-ақ, корейлердің қоғамдағы ұйымшылдығы мен өзара бір-біріне көмек көрсетуі маған маңызды сабақ болды.

Екі ел арасында айырмашылықтар бар, әрине. Мысалы, Қазақстанда адамдар көбінесе отбасылық құндылықтарға баса назар аударады, ал Кореяда қоғамдағы жеке жауапкершілік пен тәртіп үлкен мәнге ие. Сонымен қатар, корейлердің уақытты өте тиімді пайдалану мәдениеті менің өміріме үлкен өзгерістер енгізді. Олар жұмысты өте жоғары деңгейде ұйымдастырып, әр нәрсені уақытылы аяқтауға тырысады, бұл мені өз уақытымды тиімді басқаруға үйретті.

- Қызықты немесе ерекше оқиғаларыңызбен бөліссеңіз.

- Блог жүргізетін болған соң әдемі видеолар түсіру үшін дрон сатып алып, оны ұшырып көрген едік. Алдымен дронның салмағын зерттеп, бәрін заңға сай етіп алдым. Бірақ біраз уақыттан соң полиция қызметкерлері келіп, дрон ұшыруға болмайтын аймақта екенімізді айтты. Біз үшін бұл күтпеген жағдай болды, себебі Кореяда дрон ұшыруға рұқсат етілген аймақтар бар екен, ал біз оларды білмедік. Бақытымызға орай, айыппұлдан құтылып, тек ескерту алдық, бірақ жағдайдан сабақ алып, болашақта заңдарды бұзбауға тырысамыз.

Кореяда көшелерде басқа адамдарды рұқсатсыз түсіру заңға қайшы, ол үшін айыппұл салынуы мүмкін немесе түрмеге қамалуыңыз ықтимал. Сондықтан заңдармен абай болу керек екен.


- Косметология саласын оқығысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз? Оңт.Кореяда оқу үшін неге назар аудару керек?

- Косметологияны оқу үшін оқытатын профессордың сол салада жұмыс тәжірибесі көп болуына назар аударыңыз дер едім. Себебі косметология өте ауқымды сала. Бәрі косметолог десе салонды елестетеді. Алайда мен Оңт.Кореяда оқи келе бұл саланың өте кең екенін түсіндім. Және жасауға болатын жұмыс өте көп. Тәжірибесі көп адам ғана сізді дұрыс бағыттай алады. Ал Оңт.Кореяда оқу үшін университеттерді және бағдарламаны жақсы зерттеп алыңыз. Университет сайтында барлығы толықтай жазылып тұрады. Мұқият оқысаңыз керек ақпараттың бәрі бар.

Оңт.Кореяға түсу үшін көп байқағаным, мұнда грантқа түскендердің бәрі өте белсенді болғандар. Оқу оқып жүріп қосымша проектілерге қатысып, жобалар жасағандар. Яғни оқудан да озат және қосымша қоғамға пайдалы істермен де айналысатындар.



Шетелде алған білімін туған еліне арнауды мақсат тұтқан кейіпкеріміздің арманы – Қазақстанның ғылымын жаңа белестерге шығару. Ол өз елінің болашағына сеніп, шет елде жинақтаған тәжірибесі мен білімін туған жерінің дамуына жұмсағысы келеді. Бұл – отансүйгіштіктің, ұлтқа деген шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі. Осындай жастардың қайсарлығы мен адалдығы еліміздің ғылымы мен мәдениетін жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Армандарыңның орындалу жолында Сәттілік саған, Ақниет!

Сұхбаттасқан: Ж.Керімхан,

ERNUR.KZ