«Болмановпен бір-ақ рет төбелестік»
Кезінде «АБК» тобында өнер көрсеткен Медеу Арынбаев «Динамен дұрыс» бағдарламасында отбасы, мәңгілік махаббаты, өнері мен денсаулығы жайлы сұхбат берді.
- Жеке репертуарыңыздағы «Дариға жүрек» әні әлі де жастарға өтімді. Өзіңізден кейінгі жас әншілер қазір айтып жүр. Осы әнді қазір жұрт Қазыбек Құрайыштікі екен деп жүр. Әннің тарихын айтып беріңізші.
- Бұл ән Бауыржан Есебаевтікі. «Дариға жүректі» мен кезінде мәжбүрлеп айтқандай болғам. Бәрі былай болды, жиырма жыл бұрын «Хабар» арнасындағы Серік Аббас-Шах телефон соғып, «Медеу, жол-жөнекей келіп, жолығып кетші, бір ән бар, тыңдап, зер салып, орындау керек» деді. Барып, тыңдап көрдім. Сөзі әп-әдемі сияқты, бағыты да жақсы. Бірақ автордың орындаушылық мәнері жүрекке бірден тимеді. Жетер жеріне жеткізіп айту үшін біраз тер төгу керек болды. Оның дәл осылай хит боп кетерін білсем, сол кезде айтқан адамға күліп қарар едім.
- Әннің кімге арналғанын білмедіңіз бе? Ел ішінде мұны Дариға Назарбаеваға арнап шығарған деп айтады...
-Басында бұл әннің кімге арнап шығарылғанын білмедім. Әнді жазып, «уф, өткіздім-ау» дегенде білдім ғой. Оған дейін «Дариға – дәурен» деген классикалық бағыттағы ән сияқты шығар деп атына мән бермегем. Сөйтсем мұның саяси астары бар екен, Дариға Назарбаева арнап жазылғанын кейін естідік.. Оны кейін ел өзіме түсіндіріп, айтып берді. «Жарайды, ұжым болып Дариға ханымға жасаған сый-сияпаты шығар» дедім де қойдым.
- Медеу Арынбаев десе ел «АБК» тобын еске алады. Жақында өткен жеке концертіңізде Ерлан Көкеевті көрдік. Ал Болманов мырзаны байқамадық. Шақырмадыңыз ба, әлде өзі келмеді ме?
- 18 қазан күні Республика сарайында жеке ән кешімді өткіздім. Сол концертке жаныма жақын адамдардың бәрін шақырдым. Қыдырәліге де «Уақытың болса кел. Түсінем, қарбалас кезең, сонда да сені концертімде көргім келеді» деп аудиожазба жібердім. Мен оны келеді деп ойладым. Бірақ жауап бермеді. Концерттен кейін де хабарласпады. Бәлкім қарбалас тірліктен қолы босамады-ау, себебі бір аптадан кейін ол өзінің төл баласы «Ұлытау» тобының концертін өткізді. Оған Ерлан Көкеев екеуміз барып, қолын алып, құттықтадық. Сол жерде «Концертің құтты болсын, есітіп жатырмыз, жақсы өтіпті» деді де қойды, болды.
- Кезінде «АБК» тобының тарап кетуіне Арынбаев пен Болмановтың төбелесуі себеп болған деген әңгіме айтылады. Оны өзіңіз де бір сұхбатыңызда айтыпсыз. Осы рас па?
- Ол баяғыда болған сәт қой әншейін. Оның да, менің де есімде жоқ... «АБК» не үшін тарағынын мен қайдан білейін. Баста қосылған кезде «тарамаймыз, мәңгі бірге боламыз» деп сөз бермегенбіз.
- Екеуіңіздің араңызда не болды сонда?
- 98-99 жылдары кіммен жаға ұстаспадық. Төбелес көп болатын. Ондай бар енді, Болмановпен бір-ақ рет төбелестік. Ертесіне бірақ Қарақат есімізге салып, екеуміз әбден күліп алдық. «Кім жеңді сонда?» деп еске алдық. Екеумізде де мінез бар ғой, ішіп алсақ көрсететін сияқтымыз. Ел солай айтады енді. Қазір ол басқа қалада, Ерлан екеуміз Алматыдамыз. Солай тіршілік өтіп жатыр.
- Сізге он сағаттық ота жасалғанын білеміз. Қазір денсаулығыңыз қалай?
- 4 сәуір - менің екінші туған күнім. 2000 жылдан бастап маған эпилепсия деген ауру жабысты. Есімді жоғалтып алу, сіресіп қатып қалу пайда болды. Оның бәрі сол 1993-жылдары мейрамханада ән айтып жүрген кезімде үш жігіттің жабылып тепкілеп кетуінен пайда болды ма, әлде басқа себебі бар ма, жиі талып қалатын болдым. Бастапқыда әр алты ай сайын, көктемде, күзде ұстайтын. Кейін келе екі-үш айда бір қайталанды. Сахнада сіресіп қалу, көлік айдап келе жатып естен танып, аварияға түсу жиіледі. 18 жыл дәрі-дәрмекке «отырдым». Марқұм әйелім Айгүлдің де ең басты уайымы сол боп кетті.
Ең есімде қалғаны, Опера және балет театрында үлкен, жауапты концертте ән айтып тұрып, сіресіп қатып қалдым. Музыка кетіп жатыр, ал мен әнімді айта алмадым. Сахна сыртынан адамдар шығып, мені алып кетті. Содан бастап «қара тізімге» түсіп қалдым. Енді «мені ештеңе ұстамайды, жазылып кеттім» деп кімге айтып сендірем? Осы соңғы концертімде өзімнің сау адам екенімді дәлелдегендей болдым.
Құдайға шүкір, төрт жарым жыл болыпты, ауырмаймын, денсаулығым жақсы. Қазір қандай дәрежедегі концерт болсын, рухты әндерімді айтып, мәз болғым келеді. Әзірге «қара тізімдеміз». Оны мен баяғыдан білемін, идеологияда отырған кісілер соны ескерсе екен. Мен баяғы Медеу боп сахнаға шықсам деймін.
- Марқұм жұбайыңыз Айгүл ханым да музыкант болған екен. Ол сізді несімен ғашық етті?
- Оның табиғи, адам сөзбен түсіндіре алмайтын тартымдылығы бар еді. Оның шынайылығы, күлгені күннің шуағындай болатын. Ол мені жетелей білді, Медеу болып қалыптасуыма еңбегі зор тиді.
- Қайтыс болуына не себеп болды?
- Оны өзіміз де түсінбей қалдық. Шок болдым өзім. Қан қысымы төмен еді. 2010 жыл, желтоқсанның басы... бірдеңені бітіріп, студиядан ән жазып, үйге қарным ашып, мәз боп келсем ештеңе дайын емес екен. Эмицияға тез беріліп, қатты айқайлап қойдым. «Мен жұмыстан қазір ғана келдім» деп ақталды. «Тасташы мына жұмысыңды, балаларға қарап, уақтылы тамағыңды дайындашы» деп еркектікке салынып қатты сөйледім. Сол кезде көзінен жас шықты, артынан кешірім сұрап, құшақтап, басу айттым.
Содан көп өтпей, студиядан кешкісін қайтып келсем екі балам абыр-сабыр, «мамамыз үйде тамақ дайындап жатып жерге түскен бірдеңені алам дейді де, сол сәтте басы айналып, құлады» деді. Жетелеп апарып төсекке жатқызған екен. Мен кірсем қатты жаны қиналып, айқайлап жатыр. Ұлым мен қызым кіп-кішкентай болса да ойланып, жедел жәрдем шақырып қойыпты. Дәрігерлер алып кетті. Телефонмен сөйлесіп тұрдық. «Балалар қалай?» деп сұрайтын...
Бес күн жатты, алтыншы күні өмірден өтіп кетті. Мен сол кезде әйеліме «Дәулет пен Даянаны жылатпаймын, ешқайда тастамаймын, жеткізіп, оқытып, өзім өсірем» деп уәде бергем. Балаларымның амандығы – әйелімнің аманаты.
- Одан кейін қайта үйленбедіңіз. Жалпы, қандай әйел сізді бақытты ете алады?
- Алдағы тағдырымның қандай екенін қайдан білейін. Үйленуім де мүмкін, үйленбеуім де мүмкін. Тарс етіп жүрекке садақ қадалса, одан қашып құтыла алмайсың. Әйелге әуестенбейді дейсіңдер ме, менің де ұнататын әйелдерім бар. Бірақ, сол мәдениеттілігім ұстап қалады да, «болмайды, ұят болады» деп тартыншақтаймын. Егер таразының басында өзімнің және балаларымның бақыты тұрса, өзімдікін ысырып қойып, балаларымның бақытын көтеретін едім.
- Медеу мырза, бақытты болыңыз! Екінші тынысыңыз ашылып, шығармашылық шабытыңыз шарықтап, жаңа әндеріңізбен қуанта беріңіз!
Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап дайындаған – С.ИКРАМҚЫЗЫ.