«Өнерімді мал бағуға айырбастап жібердім»: "Резіңке" адам Айдос Тоқтарбаймен сыр-сұхбат

0
8 715

«Бір кездері сахнада әртіс Айдос болсам, қазір мал қорада өте танымал малшы Айдоспын»


 «Өнерімді мал бағуға айырбастап жібердім»:


Осыдан 20 жыл бұрын көгілдір жәшіктен буынсыз адам, пластиллин адам, резіңке адам Айдос-рекордсменді көріп, таңғалмаған жан кемде-кем шығар, сірә. Қанжар мен электр тоғына қосылған бұрғыны жұту, қозғалып келе жатқан екі көліктің ортасында шпагатқа отыру сынды жан түршігерлік трюктерді емін-еркін жасайтын Айдос Тоқтарбайдың батылдығына сүйсінгендер жетерлік. Әлеуметтік желілердің хиті болып, елді аузына қаратқан ерекше өнер иесі қазір көрінбей жүр. Біз оны сұхбатқа шақырып, қайда, не істеп жүргенін, болашаққа жоспарын сұрадық.



– Буынсыз адам Айдос Тоқтарбай соңғы кездері көзден таса болып кетті. Ол кісі қазір қайда жүр?

– 2001 жылы студент кезден эфирге шыға бастадым. Бұл өнер Құдай берген табиғи дарын. Марқұм ағам Ардақ 3 жасымнан бастап дайындады. Өзімнен 10 жас үлкен ағам болған. Мен 10 сынып оқып жүргенде өмірден өтіп кетті. Өнерді үйреткен Аллаға, сосын ағама рахмет. Мектеп бітірген соң бір жылдай әкемнің қасында құрылыс саласында істеп жүріп, колледжге оқуға тапсырдым. Сөйтіп эстрада және цирк колледжіне бірде-бір емтиханнан сүрінбей, түгелдей «5» алып, президенттік стипендиямен оқуға түстім. Оған дейін біршама жарақат алып, қалада емделдім.


1 курста «Хабар»-дағы «Таң қалмаңыз!» бағдарламасында, «Рахат» телеарнасынан көрініп, елге танылып, 2004-2008 жылдары Қазақстан Гиннес рекордтар кітабына кіріп, содан бастап үлкен танымалдылыққа ие болдым. Сөйтіп, жұлдызым жанып, бағым ашылды. Ел таныды. Көптеген той-жиындарда өнерім сұранысқа ие болды. Өнерде жүріп те көп сынақтардан өттім. Аяқ-қолым, қабырғаларым сынып, белден жарақат алдым. Сынбаған жерім аз. Келеңсіз жағдайларды көп өткердім. Бір-екі рет жол апатына түстім.


Бұның бәрі тағдырыма берілген сынақ шығар. Мен өміріме ризамын! Тәубә! Көп адамның аяқ-қолы жете бермейтін көптеген жерлерді аралап, фестивальдерге қатыстым. Бала күнімнен армандаған армандарым орындалды. «Әттеген-айлар» да жоқ емес. Азия, Қытай, Қазақстандағы «Got Talent» жобасына қатыстым. Үшеуінен де финалға бір қадам жетпей қалып ұшып кеткен екенмін. Бәлкім, тағдырыма солай жазылған шығар. Сондай қызық жағдайлар болып тұрады. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой. Бәлкім, менде бақ шаппай жүрген болар.


Азды-көпті ел алдында жүрген өнерімді ауылға келгелі мал бағуға айырбастап жібердік. Өнерде жолым болмады, сосын ауылға барып ата-анам мен бауырыма көмектесейін деп ұйғардым. Ауылда ешкімді мақтамай, ешкімге жағымпазданбай,өз-өзіммен тыныш жатырмын. Бұзауым қазір сиыр болды. Жүрміз сол, екі тай, он шақты сиыр мен қой ешкіге қарап. Бір кездері сахнада әртіс Айдос болсам, қазір мал қорада өте танымал малшы Айдоспын.



– Ауылға барып шәкірт тәрбиелегім келеді деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Ұстаздық ету ісі қалай боп жатыр?


– Бала тәрбиелемекші болғанмын. Ақтауда тұратын курстасым шақырып, сол жерде зал аштық. Карантин басталып, әбден қиналдық. Бала жиналмай қалды. Қатынап істей алмайсың. Ақтауда маған ұқсағысы келіп жүрген Азамат Нұрқожа деген бала бар. Талабы таудай. Қолымнан келгенше ақылымды айттым. Әдіс-тәсілдер көрсеткенмін.


Біздің әкімдіктегілер, әкіміміз Мәдениет бөліміне «Штатқа жұмысқа кел!» деп жатыр. Мен өзі көктем шыға салысымен каркаспен жұмыс істеймін. Әкем, інім үшеуміздің жеке кәсібіміз бар. Арасында мал бағамын. Ал әкімдіктің 100 мың теңге айлығы қазіргі қымбатшылық заманда бізге түк болмайды ғой. Күзге таман ойланып көремін дедім. «Бала дайында» деп ұсыныс айтып отыр.



– «Алмыс қылыш жатпайды қын түбінде» дегендей, шын өнер иесін іштегі буырқанған дарын тыныш өз бетіне қоймас деп ойлаймыз. Қашанғы мал бағып жүре бермексіз?


– Әлемдік «Got Talent» немесе басқа елдердегі ірі байқаулардан шақырту алып жатсам өзім де бар мүмкіндігімді пайдаланғым келіп жүр. Өзімді дәлелдегім келеді. Әділ қазылардың маған деген қыспағын, әділетсіз екенін, бойымдағы өнерімнің сарқылмағанын, жігерімнің жасымағанын көрсетуге дайынмын. Ауылда жүрсем де формамды тексеріп қоямын. Толып кетпейін деп барынша сақтанып жүремін. Бірақ, диета ұстамаймын. Етті сүйіп жеймін. Бала күнімнен елдің алдындағы етті тартып жеймін. Ауылда таңның атысы, күннің батысына дейін мал бағамын. Ол да физикалық жұмыс қой. Арасында қора жақта жүріп дайындық жасаймын. Жасым қырыққа тақады. Қырықта қамал алмасам болмайды. Шетелдік жобалардан шақырту болса екен деп Алладан қол жайып сұрап жүрмін.. Тек шетелде болса екен деймін. Бізде бұра тартып, әділетсіздіктер болатынын жақсы білемін.


– Өз отбасыңыз бар ма?


– Айтпай тұрсам бола ма? Жеке басымдағы сынағым еді. Ол да бұйыртса шешіліп қалатын шығар. Жеңілдігі болар деп өзім де үмітпен қарап жүрмін.


– Сіз таңғаларлық трюктер жасаған әртіссіз. Бірде пышақ, қылышпен, енді бірде дрельмен жасайтынсыз. Сіздің денеңізге тиген темір-терсектің бәрі магнитке тартылғандай жабысып қалады. Ішіңізде магнитіңіз бар сияқты?..


– Бұл Алланың берген табиғи өнері. Сахнаға шыққанда халықтың ықыласы мен қошаметі мені көтеріп жібереді. Көбі «Неге дайындалмай шығасың?» деп айтады. Сахнаға шыққанда халықтың көңіл-күйіне қарай жұмыс істеймін. Алдыңғы қатарда өзім жақсы танитын адамдар отырмаса екен деп тілеп кіремін.


Көбі «сахна киелі» деп айтады ғой. Мен онымен келіспеймін. Сахнаның киесі жоқ. Сахна жәй зат. Халықтың киесі бар. Әуелі Алла. Халық Алланың 99 есімінің бірі. Халықтың қошаметі өнер адамын арқаландырып, шабыттандырып жібереді.Халық болмаса өнер адамы кім?! Былжырап жүрген біреуміз. Сондықтан, халықты құрметтеу керек. Кейбір өнер адамдары жұлдыз боп көтеріліп алғаннан кейін халықтан қашып жүреді. Көпшіліктің ортасында өзін танып қоймаса екен деп көзілдірік киіп, бетперде тағып жүреді. Таныса танысын. Сені танығанына қуану керек қой. Мен өзімді керемет жұлдызбын дей алмаймын. Дегенмен көп жерлерге барғанда танып, қошаметтеп жатады. Әсіресе, ауылды жерлерде, қазақи ортада жақсы таниды. Көп жерлерді араладым. Ауыл-аймақтарда үлкен ақсақалдар батасын беріп жатады. Алғыс, бата алған жақсы ғой. Қариялар мен жас балалар мейірлене келіп, жағдай сұрасқанда «Еее, халқым мені ұмытпапты ғой» деп ерекше сезімде боламын. Кейде дастархан басына төрге шығарғанда, «Жаспын ғой, ақсақалдар шықсын» деп айтамын. Сонда: «Балам, әркімнің өз орны бар. Қысылмай төрлете бер!» деп айтып жатады. Сондай кездерде ұялып, қысылып кетемін.


– 2004, 2006 жылдары Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына ендіңіз. Сіз ойлап тауып жасаған трюктерді ешкім қайталай алмайды. Жаңа рекорд орнату ойда бар ма?


– Иә, жаңа рекорд орнату ойымда бар. Денемді тесіп, тікұшаққа іліп тартатын бір әдісім көрсетілмей қалып қойып еді. Кезінде рұқсат оған бермей қойған. Кейін демеуші таппай біраз жүрдім. Демеуші тапқанда ол кісі марқұм болып кетті. Алдағы көктемде сол әдісімді ешкім келмесе келмей-ақ қойсын, телефонға түсіріп, интернетке салмақшымын. Денемді тесіп, тросқа байлап, көлікті сүйрей салайын деп отырмын.


– Кеше «бірінші туған жас құнажынды бұзауын ауыздандырып, оны сауып келдім» деп айтып қалдыңыз. Жас кезіңізден өнердің қайнаған ордасы ару Алматыда өнеріңізді ұштап, қаншама жобаға қатыстыңыз, нешеме тойлардың көрігін қыздырдыңыз. Өнер адамдары көбіне ақсаусақ келетіні жасырын емес қой. Күндердің күнінде ауылға келіп, бір күнде малдың астын тазалап, сиыр сауған қиын болмады ма?


– Ауылдағы қара шаңырақта ата-анама, бауырыма мал шаруашышылығына көмектесіп жүрмін. Үйдегі інімнің кішкентай баласы ауырып, Семейдегі «Ана мен бала орталығына» кеткен. Сиырды сол келін сауатын еді. Анам болса қартайды. Бұрын бәрін тырп еткізбей, өзі атқарушы еді. Қазір денсаулығы жарамай жүр. Бірінші құнажындар болған соң желіні кем болып қалмасын деп кешкі уақыттарда өзім сауып жүрмін. Шешем бәрін айтып отырады. Қолымнан келгенше сауып келемін. Ауылда өмір сүрген өзіме ұнайды.


– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Мені көмуге асықпаңдар!»: Дина Төлепберген «Астарлы ақиқатқа» қатысты қауесетке жауап берді



«Өзінің де баласы болуы керек қой!»: Алтынай Жорабаева екінші күйеуіне перзент сыйлағысы келетінін айтты