​БАССЕЙНдегі хлордан ШАШТЫ қалай қорғауға болады?

0
217

​Шашты қызанақ шырыны немесе кетчуппен жуу көмектеседі


​БАССЕЙНдегі хлордан ШАШТЫ қалай қорғауға болады?

Сурет: ЖИ

Суға шомылу – денсаулықты нығайтып, денені сергітудің және күйзелісті азайтудың тамаша тәсілі. Әсіресе ыстығымен аптайтын жаз мезгілінде бассейн – демалыстың үздік түріне айналады.

Алайда көпшілік мән бере бермейтін бір мәселе бар – хлорланған судың әсері. Бассейннен шыққаннан кейін шаштың қатайып, тарқатуға қиын болып қалатынын, табиғи жылтырының жоғалатынын немесе бас терісінің қыши бастайтынын байқаған боларсыз.

Бассейндегі хлорланған су шаштың саулығына кері әсер етуі мүмкін. Хлор шашты құрғатып, әлсіретеді, нәтижесінде ол сынғыш әрі күңгірт болып қалады.

Бірақ бұл бассейннен мүлде бас тарту керек деген сөз емес. Дұрыс күтім жасап, алдын алу шараларын сақтасаңыз, шашыңызды сау, жұмсақ және жылтыр күйінде сақтауға болады.


Хлордың шашқа зияны қандай?

Хлор санитарлық қауіпсіздік үшін қажет зат. Ол бассейн суын бактериялар мен вирустардан тазарту үшін пайдаланылады. Бірақ оның шашқа тигізетін әсері жағымды емес.

Хлор шаштың сыртқы қорғаныш қабатын әлсіретіп, табиғи майын жуады. Соның салдарынан шаш ылғалын жоғалтып, құрғайды. Егер адам аптасына бірнеше рет бассейнге барып, шашына дұрыс күтім жасамаса, уақыт өте келе мынадай өзгерістер байқалуы мүмкін:

  • шаштың ұштары жарыла бастайды;
  • шаш сынғыш болады;
  • табиғи жылтыры жоғалады;
  • тарағанда көп үзіледі;
  • бас терісі құрғап, қышуы мүмкін.


Боялған шаш пен "блондинкалар" үшін ерекше қауіп

Әсіресе боялған, ағартылған немесе химиялық өңдеуден өткен шаш хлордың әсеріне өте сезімтал келеді. Кейде ақшыл шашта жасылдау реңктің пайда болуы осыған байланысты.

Шашты жасыл түске бояйтын – хлор емес, бассейн суындағы мыс (copper) элементі. Дерматологтар мен трихологтардың зерттеулеріне сүйенсек, бассейн суындағы мыс сульфаты (алгицид ретінде балдырлармен күресу үшін қосылады) шаштағы кератинмен байланысады. Хлор бұл мыс бөлшектерін тотықтырып, олардың жасыл түске енуіне себепкер болады, ал ол шаш құрылымына сіңіп, жасыл реңк береді. Демек, негізгі кінәлі — хлордың өзі емес, мыс бөлшектері.


Лайфхак! Егер ақшыл шаш (блонд) бассейннен кейін жасылданып кетсе, үй жағдайында қызанақ шырынымен немесе кетчуппен жуу көмектеседі. Қызанақтың құрамындағы қызыл пигмент пен қышқыл жасыл түсті бейтараптандырады.


Бассейнге түсер алдында...

Құрғақ шаш бассейн суын сорғыштай (губка) сіңіреді. Шашыңызды құрғақ сорғыш ретінде елестетіңіз. Оны хлорлы суға салсаңыз, бірден суды өзіне сорып алады. Ал егер алдын ала таза сумен барынша толтырып алып, сосын барып хлорлы суға салса, оны сіңіруге орын қалмайды. Сәйкесіне, шаш үшін де ең қарапайым қорғаныс тәсілі – алдын ала таза сумен жақсылап сулау. Шаш таза суды сіңіріп алғаннан кейін, хлорланған суды азырақ қабылдайды. Бұл – дүниежүзілік жүзушілер қауымдастығы мен шаш мамандары мақұлдаған негізгі ереже.

Екінші маңызды қадам – қорғаныш қабатын жасау. Ол үшін шаштың ұзына бойына аздап кондиционер немесе кокос, арган, бадам, зәйтүн сияқты табиғи майлардың бірін жағуға болады. Бұл шаштың құрғауын едәуір азайтады.

Егер шашыңыз ұзын болса, оны өріп немесе түйіп қойған жөн. Сонда шаш аз шатасады әрі механикалық зақымдану қаупі төмендейді.

Мүмкіндік болса, жүзу қалпағын кию керек. Шын мәнінде, ол шашты толық құрғақ ұстамайды, бірақ хлорланған судың шашпен тікелей жанасуын айтарлықтай азайтады.

Силикон қалпақ латекстен жасалған түріне қарағанда тығызырақ болады және ұзақ қызмет етеді. Егер сіз бассейнге тұрақты баратын болсаңыз, сапалы жүзу қалпағын сатып алған жөн.


Лайфхак! Душта шашты сулап, үстіне аздап кондиционер жағып, шашты жинаған соң қалпақты кию керек. Сонда қалпақ басты ауыртпай, оңай киіледі әрі кондиционер қосымша қорғаныш капсуласын түзеді.


Бассейннен шыққан соң...

Шашқа ең көп зиян судан шыққаннан кейін хлор ұзақ уақыт бойы оның бетінде қалып қойған кезде келеді. Сондықтан үйге жеткенше күтпей, мүмкіндігінше тезірек душқа түсіп, шашыңызды таза сумен шаюға асығыңыз.

Одан кейін жұмсақ сусабын қолданып, шашты жақсылап жуған дұрыс. Кейін міндетті түрде кондиционер немесе нәрлендіретін маска пайдаланыңыз. Бұл шаштың жоғалтқан ылғалын қалпына келтіруге көмектеседі.

Аптасына бір немесе екі рет кератин, пантенол, гиалурон қышқылы, арган майы немесе ши майы қосылған қалпына келтіретін маскаларды қолдану жақсы нәтиже береді.


Не істеуге болмайды?

  • Ыстық сумен душ қабылдау. Хлор тері мен шашты құрғатып жібергендіктен, ыстық су бұл процесті үдетеді. Душ жылы немесе салқын болуы тиіс.
  • Дымқыл шашты бірден тарау. Бассейннен шыққан бойда шашты сирек тісті тарақпен де тарауға болмайды. Алдымен міндетті түрде өшірілмейтін спрей (несмываемый спрей) немесе май жағып, сәл кепкен соң ғана ұшынан бастап тарау керек.
  • Шашты сүлгімен орап, ұзақ жүру. Сүлгі шаштағы қалған ылғалды сорып алып, оны одан сайын құрғатып жібереді. Сүлгіні баста 10-15 минуттан артық ұстамаған жөн.


Кептіру кезінде де абай болыңыз

Бассейннен кейін шаш әлсіреп тұрады. Оны бірден ыстық фенмен кептірсеңіз, құрғақтық күшейе түседі.

Мамандар шашты алдымен жұмсақ сүлгімен жайлап құрғатып, содан кейін ғана феннің орташа жылы немесе салқын режимін пайдалануға кеңес береді. Шашты сүлгімен қатты ысқылауға болмайды, өйткені дымқыл кезде оның құрылымы өте нәзік болады.


Антихлорлы сусабын қажет пе?

Егер бассейнге анда-санда ғана барсаңыз, қарапайым ылғалдандыратын сусабын жеткілікті болуы мүмкін. Ал аптасына екі-үш реттен көп жүзетін болсаңыз, антихлорлы күтім құралдарын қолданған дұрыс.

Мұндай өнімдер шашқа жабысып қалған хлор мен минералдардың қалдықтарын тиімді тазартып, оның құрғауының алдын алады. Бірақ оларды күн сайын қолданудың қажеті жоқ. Көп жағдайда аптасына бір рет пайдалану жеткілікті.

Лайфхак! Арнайы антихлорлы сусабын болмаған жағдайда, алма сіркесуымен шаю құтқарады. Бассейннен кейін шашты сусабынмен жуып болған соң, 1 литр суға 1-2 ас қасық табиғи алма сіркесуын араластырып шаю керек. Бұл хлор қалдықтарын бейтараптандырады, бас терісінің pH балансын қалпына келтіреді және шашқа ерекше жылтыр береді.

Аспирин маскасы: 4-5 аспирин таблеткасын жылы суда ерітіп, шашқа жағып, 15 минуттан кейін жуып тастаса, шаштағы химиялық қалдықтардан арылуға көмектеседі.

Бассейнге дейін және кейін осы ережелерді сақтау арқылы әрі суға шомылып, әрі шашыңыздың табиғи сұлулығын жоғалтпай жүре аласыз.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Күнге күйіп қалдыңыз ба? «Бепантен» көмектеседі

КИНО тарихындағы ең ҚЫМБАТ 10 туынды

ЕЛУДЕН ассаңыз да, ЖИЫРМАДАҒЫДАЙ ЖАС көрінудің жолы бар

ҰЛ-ҚЫЗЫның болашағына БАЛТА ШАБАТЫН аналар