Киім алуға шықтыңыз ба? Онда тарақ та ала шығыңыз

0
2 446

Мұндайда саудаңыз да сәтті болады.


Киім алуға шықтыңыз ба? Онда тарақ та ала шығыңыз

фото: bankonus.com

Әйел денсаулығы үшін дүкен аралау, саудаласу және жаңа зат сатып алу дәрімен тең. Ал денсаулықпен ойнауға болмайды, дәрі-дәрмекті уақытында қабылдау керек. Осыны ескерген нәзәк жандылар көңіл-күйі болмағанда не гардеробты мезгілге сай сайлау үшін жиі-жиі «шопинг» дәстүрін өткізіп тұрады. Күз мезгіліне, жаңа оқу жылына аз күн қалды. Ендеше, кезекті шопинг салтын орындау уақыты да жақын деген сөз.


Егер шопингке аттанған әйел күтіп отырған күйеуінің жанына көзі күлмең қағып, әлемдегі ең мейірімді әйел болып оралса, сәтті сауда болды деген сөз.


Ал, «Бес минутта келемін дедім ғой, неменеге жарты сағат сайын қоңырау соға бересің?!» деп ашумен дүрсе қоя берсе, шопингтің сәтсіз болғаны.


Жарар, әзіл әзілімен, негізгі тақырыпқа ойысалық. Асылында, "шопингке шығу дәстүрінің" орны ерекше және өзіне тән ережелері бар. Ол қандай ережелер деп ойлайсыз? Шопингтің сәтті өтуі үшін не істеу керек? Жалпы, оған алдын-ала әзірлену дегенге қалай қарайсыз? Бұл жайлы бұған дейін ойланбаған болсаңыз, ережелермен танысыңыз, содан соң дұрыс-бұрысын саралай жатарсыз.


1-ереже

Ең алдымен үйдегі киім сөрелеріне ревизия жасаңыз. Қай киіміңіз киюге жарайды әрі әлі де трендте? Қайсысын бұл маусымда кие алмайсыз? Ғаламтор ақтарып, сәнді киімдер мен стилист кеңестеріне де көз жүгіртіңіз. Алдағы күзде қандай киімдер сәнде болмақ? Бәрін саралап, аналыз жасап, соңында "Қандай киім алуым керек?" деген сұрақты қойыңыз өзіңізге. Жауабын қағазға тізіп жазып, өзіңізбен алып шығыңыз. Иә, дәл азық-түлік алғандағыдай.


2-ереже

Шопингке барынша ыңғайлы киім киіп шығыңыз. Неғұрлым кию және шешуге оңтайлы болса, соғұрлым жақсы. Бұл ереже іш киімдерге де қатысты.Олардың түсі бейтарап, ең дұрысы — дене түстес болғаны жақсы. Денеге қонымды, жаңа, яғни, өзіңізге ұнайтын болсын. Себебі, киіп көрген киіміңіздің жарасу-жараспауы осы бір кішкентай бөлшекке байланысты.


3-ереже

Ыңғайлы аяқ киім киіңіз. Дүкен аралаудың қаншаға созылатынын алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Алатын киімнің ойыңызда дайын үлгісі болса да, қай жерден алу керегін білсеңіз де, жағдай сіз күтпеген жаққа бұрылып кетуі ғажап емес. Нәтижесінде, көңіліңізден шығатын киімді табу үшін көп уақыт жұмсауыңыз мүмкін. Ал, аяқ киіміңіз ыңғайсыз болса,не қайтқыңыз келіп асығасыз, не көңіл-күйіңіз түседі. Нәтижесі — сәтсіз сауда.


4-ереже

Дүкен аралауға шыққанда жаныңызда кім болады? Бұл маңызды сұрақ. Оның жауабын алдын-ала дайындауға тиіссіз. Серігіңіз сізді асықтырмайтын, құнды кеңес бере алатын, сізге еріп келіп тұрып, өзіне зат қарап кетпейтін, көңілге қарап, бар сөзіңізге бас изей бермей, шындықты бетіңізге айта алатын, сауданың қыр-сырларын жетік білетін, сәннен хабары бар кісі болуға тиіс.


5-ереже

Дүкен аралауға шыққанда ең керек деген ұсақ-түйектер салынған шағын сөмке ұстаңыз. Жолай апарып тастаймын, ала кетемін дейтін заттарды да кейінге шегере тұрыңыз. Басты мақсат — қолыңызда кедергі келтіріп, шаршататын жүктің болмауы.


6-ереже

Өзіңізбен тарақ ала шығыңыз. Неге дерсіз? Әр киімді бір өлшеп көріп жүргенде өзіңіз де шаршайсыз, шашыңыз да ебей-себей болады. Көп ұзамай шашыңыздың ұнамаған себебінен, киіп көрген киімдеріңіз де көңіліңізден шықпайтын болады. Себебі, егер сіз өз өзіңізге ұнамай тұратын болсаңыз, ешқандай жаңа киім ол көңіл-күйді жөндей алмайды.


7-ереже

Екі түрлі өлшемдегі киімдерді киіп көру қажет болса, үнемі үлкенінен бастаңыз. Қандай да бір киімнің кең болып қалып, бір өлшем кішісін сұрату қашанда жақсы көңіл-күй сыйлайды. Әсіресе, әйелдер үшін солай.


8-ереже

Уақытылы тамақтаныңыз. Шопинг — марафон емес. Дүкендегі заттар ешқайда қашпайды. Сондықтан, арасында қарныңыз ашса, отырып әлденіп алыңыз, шөлдесеңіз, сусын қандырыңыз. Кейде керегімді тауып алмайынша отырмаймын дейтін кездер болады. Мұндай кезде адам миы жақсы жұмыс істемейді, себебі, оның бір бөлшегін тамақтану туралы ой босатпай тұрады. Нәтижесі — тағы да қате таңдау.

Оның орнына 15 минутыңызды әлденуге бөліңіз. Есесіне, осы уақытта көрген бұйымдарды қайта ой елегінен өткізіп алуға болады.

Міне, жоспарлау кезі мен шопинг кезінде осы нәрселерді ескерсеңіз, сәтті сауда мен дұрыс таңдауға кепілдік бар.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ