КРЕМДІ дұрыс жақпаса БЕТ ТЕРІСІ бүлінеді

0
7 736

Бет күтімі үшін крем жаққанда оны теріге сіңіру емес, дұрыс уқалау маңызды.


КРЕМДІ дұрыс жақпаса БЕТ ТЕРІСІ бүлінеді

Бет терісінің құрғап кетпеуі үшін, жастық қалпын мейлінше ұзақ уақыт сақтап тұру үшін әрбір қыз-келіншек өзіне күтім жасайды. Әжімге қарсы, нәрлендіруші, түнгі крем, күндізгі крем, макияж жасауға арналған, күннен қорғайтын, ағарту әсері бар т.б. тізбектеп айта берсек, бет күтіміне арналған крем түрлері өте көп.


Осы кремдердің қай-қайсысының да қолдану нұсқаулығына қарасаңыз, тазартылған бет терісіне «жеңіл уқалаңыз» деген жазуды көресіз.

Бет күтімі үшін крем жаққанда оны теріге сіңіру емес, дұрыс уқалау маңызды. Себебі, дұрыс уқалаудың нәтижесінде беттегі қанайналымды жақсартып, бет терісіндегі көптеген проблемалардың алдын аласыз.


1. Бетіңізге жағатын кремді қандай мақсатта қолдансаңыз да, ең алдымен жоғарғы жақтан бастап жағыңыз. Мысалы, алдымен маңдай, одан соң мұрын, одан кейін екі бет-жақты айналдыра, соңынан иекке жағасыз. Ал, уқалағанда керісінше. Иектен бастап, маңдайға қарай, яғни, жоғарыға бағыттай уқалау керек.


2. Маңдайға жаққан кремді екі қастың ортасынан бастап, шаштың түбіне дейін жағып шығу керек.


3. Көздің айналасындағы тері ең нәзік тері болғандықтан, әжім ерте түседі. Сондықтан, көз айналасына арнайы кремді ғана жағып, мұқият күтім жасаңыз. Бет терісі үшін жағатын кремді мейлінше көз айналасына жақындатпаңыз. Ал, көз айналасына арналған арнайы кремді де тек бір бағытқа қарай айналдыра жаққан дұрыс. Бұл кремді жағу көз астының қалталануын, қабақтың ісінуін және көзге жаққан бояудың «ағып кетуін» болдырмайды.


4. Мұрныңызға крем жаққанда өзіңізге ыңғайлы қимылмен уқалай берсеңіз болады. Өйткені, қанша жасқа келсеңіз де мұрынның үстіне әжім түсу қаупі аз. Әйтсе де мұрынды да төменнен бастап жоғары қарай уқалаған дұрыс.


5. Ең негізгі қадамдардың бірі - екі бетіміз. Әдетте көптеген қыз-келіншектер екі қолымен екі бетті ретсіз уқалап, кремді сіңіріп тастағанша уқаласам болды деп ойлайды. Бұл мүлде дұрыс емес. Кремді сіңіріп жатқанда, яғни, уқалағанда да екі езуден бастап екі құлаққа дейін жеңіл басып сіңіру керек. Осындай тәсілмен иекті де солай, құлаққа дейін тартып, уқалау керек.


6. Мойын терісі де бет терісі секілді күтімге мұқтаж. Адамның жас мөлшерін де мойынға қарап анықтау қиын еместігі айқын. Сондықтан, мойным жасымды «сатып қоймасын» десеңіз, бұл аймаққа да ерекше қамқорлықты аямаңыз.

Мойынға жағылған кремді сіңіру үшін мойынның иықпен жалғасқан тұсынан бастап иекке қарай тарту керек. Яғни, бұл да бет терісін уқалау әдісі секілді, төменнен жоғарыға қарай уқалайсыз.


Сонымен қатар, екінші иекке де массаж жасап, оны кетіруге болады.


Бетіңізге крем жаққанда ешқашан жоғарыдан төмен қарай массаж жасамаңыз. Себебі, олай етсеңіз бет терісі ерте салбырап жасыңызды біраз «ұлғайтуға» үлес қосасыз.


Дененің басқа жағына қарағанда, бет терісі өте нәзік және жұқа болады. Бір жағына, бетісміз үнемі ашық жүргендіктен, біз ерекше күтім қажет деп айтамыз. Сондықтан, бетке массаж жасағанда қатты күш түсіріп емес, ақырын, нәзік қимылмен уқалау қажет. Қатты уқалағанда бет терісінің ұсақ тамырларына зақым келтіріп аласыз. Ұсақ тамырлар жарылса бетіңізден көрініп тұрады, сұлулығыңызға сын келтіреді.


Күнделікті бетімізді жуғаннан кейін сүлгімен ысқылап сүртуден сақтаныңыз. Беттегі дымқылды сіңіріп алу үшін сүлгіні жай ғана басып, ылғалды сіңіріп алсаңыз жеткілікті. Сүлгі қолданбай, өздігінен кепкенін күтсеңіз одан да жақсы.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ағарған шашты ЖАҢҒАҚПЕН ҚАРАЙТУҒА болады


Жарылған ерінді тез арада ЕМДЕУге болады