ТЕГІН косметика - есік алдындағы БАҚБАҚ гүлін ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ

0
4 720

Көктем мезгілінде балғын бақбақ гүлін тиімді пайдаланып үлгеріңіз.


ТЕГІН косметика - есік алдындағы БАҚБАҚ гүлін ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ

Алаңқайларда көк шөптер қаулап, олардың арасын бақбақ гүлдері безендіре бастады. Енді көңілге қуаныш сыйлайтын кішкентай сары күлтелерді балақайлар анасына ұсынуға асығады. Ал аналар баланың көңіліне мәз болып сыйлықты алғанымен, солған гүлді көрсетпей ғана қоқысқа тастауға мәжбүр...


Жоқ! Бұл жолы жұлынған бақбақты тастай салмаңыз. Есесіне, өзіңіз де аулаға барып молырақ етіп теріп алыңыз. Сонда сіздің қолыңызда теп-тегін косметикалық күтім құралы пайда болады. Себебі, оны тері мен шаш күтімінде кәдеге жарату әбден мүмкін.


Біз күнделікті өмірде бағалай бермейтін бақбақ гүлі, шын мәнінде, тері мен шашқа қажетті пайдалы заттектерге бай. Онда мыс, мырыш, кальций, калий, марганец, темір, бор, магний минералдары, сондай-ақ, В1, В2, В3, В6, А, С және Д дәрумендері мол.


Бақбақ гүлінің:

  • бет терісін жұмсартып, тегістейтін;
  • теріні ағартып, дәрумендермен байытатын;
  • бөртпе, акне, пигментті дақтарға қарсы күресетін;
  • солғын тартқан теріні балғын теріге айналдыратын (антиоксиданттық);
  • тері қабынуларына қарсы күресіп, токсиндерді шығаратын (антибактериалдық) әсері бар.

Бұл мақсатта гүлдің сабағы, жапырағы, күлтелері, тамыры болсын – барлық бөлігін қолдана аласыз.


Сепкіл не жас ұлғая келе пайда болатын дақты кетіру үшін

Әлі гүл ашпаған жас бақбақтың жапырақтары мен сабағын блендерден не еттартқыштан өткізу арқылы майдалаңыз. Содан соң дәкеге орап, сығу қажет. Осы алынған сығындыға мақта дөңгелекшелерін малып, бет терісін сүртіңіз.


Құрғақ әрі босаң тартқан, қартайған тері үшін

Бақбақтың бірнеше дана гүлін блендермен езіп, оған табиғи балғын йогурт, кішкене бал қосып, біркелкі масса болғанша араластырыңыз. Тазаланған бет терісіне жағып, 25-30 минуттай ұстаңыз. Белгілеген уақыт өткен соң мақта дөңгелекшесімен бетті айналдыра массаж жасай отырып сүртіп тастау керек. Соңыра жылы сумен шаю жеткілікті.


Теріні жарқырататын тоник

Бақбақ тамырын ыдысқа салып, батып тұратындай етіп су құйып, қайнатыңыз. Бір қайнаған соң оттан алып, суытып, сүзу қажет. Алынған сұйықтыққа, қаласаңыз, екі-үш тамшы шай ағашы майын қосуға болады. Табиғи тоникпен күнделікті мойын мен бетіңізді сүртіп жүрсеңіз, теріңіз күн санап жарқырай түседі.


Қоректендіргіш, дәруменді маска

Бақбақ гүлшоғыры мен жапырақтарынан араластыра ұсақтап турап алыңыз. 1 ас қасық өсімдікті кішігірім ыдысқа салып, үстінен 2 ас қасық ыстық сүт құйып, бетін жауып 10 минутқа қойыңыз. Содан соң 1 жұмыртқаның сарыуызын қосып араластырыңыз. Егер теріңіз майы болса, ақуызының жартысын да қосып жіберген абзал. Осы қоспаны бетіңізге бірнеше қайтара жағыңыз (бір қабыт жағу, кепкен соң тағы қайталап жағу). 20 минуттай ұстаған соң салқындау сумен шаясыз.


  • Өсімдік сабағынан бөлінетін сүттіген шырыны терідегі сүйел мен папилломаны кетіреді. Ол үшін күніне біргеше рет жаңадан үзіп алынған сабақпен үстерінен сүртіп тұрса болғаны.
  • Теріде пайда болған мүйізгектің (мозоль) үстінен бақбақ сабағымен ысқылап сүртсе немесе онымен коспресс жасаса, қатты тері жұмсарып, оны алып тастау оңай болады.
  • Бақбақтың сүттіген шырынын әсері күшті химиялық пилинг деп атасақ та болатындай. Оны терінің дақ не сепкіл түскен тұстарына жағып, артынан сүт сарысуы не айранмен ысқыласа, теріні айтарлықтай ағартады.


Бақбақ гүлін шаш күтімінде қолдансаңыз, көп ұзамай түбірі бекіп, ұштануы азайып, қайызғақтан арыласыз.

Бақбақ тұнбасынан шаш шайғыш

Өсімдіктің сабағы мен жапырағын ұсақтап турап, үстінен қайнаған су құйыңыз (1 стақан су : 1 ас қасық өсімдік пропорциясымен). Судың түсі қарауытқанша ұстаңыз да, сүзіп алыңыз. Шашыңызды әдеттегідей жуып, шайып болған соң осы сұйықтықпен тағы бір ретшайып жібересіз.


Шаш түбірін қатайтатын тұнба

Бір стақан қайнаған суға бір уыс өсімдік жапырағын салып, біраз уақытқа қойып қоясыз. Кешкілік осы тұнбаны езілген жапырақтарымен қоса шаштың түбіріне жағып, массаж жасаңыз. Күніне екі рет қайталасаңыз, әсері де екі есеге арта түседі.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ТУФЛИДІҢ ӨКШЕСІ жасыңызға сай болмаса, ҚАУІПТІ


Шаш майланып кетсе, МЫНАДАЙ дәрумендер жетіспейді