​Шаш майланып кетсе, МЫНАДАЙ дәрумендер жетіспейді

0
4 335

Егер шашыңыз төгіліп түсетін болса...


​Шаш майланып кетсе, МЫНАДАЙ дәрумендер жетіспейді

Шашының қалың және жылтырап әдемі көрінісімен көп әйелдер мақтана алмайды. Себебі, шындығына келгенде қазіргі күнде табиғи сұлулығын жоғалтпаған, түбі бекем, ақ шаш араласпаған, сынғыштығы жоқ сусылдап тұратын шаш иелері көп емес.


Әрбір әйел шашына күтім жасауды білгенімен, көбінесе ерінеді немесе уақыттың тапшылығын сылтау етеді. Тіпті, кейбіреулері шаш күтімі деп тек қана аптасына екі рет шашты сусабынмен жуып, тазартып тұру деп ойлайды. Бірақ, бұлай ойлау қате. Шашқа тазалықтан бөлек, күтім де қажет. Біздің ағзамыз керекті дәрумендерге қаншалықты мұқтаж болса, шашымыз да дәл сол сияқты дәрумендерге мұқтаж.


Дұрыс күтім көрмеген шаш, шаштың түсін жиі ауыстыру үшін әртүрлі химиялық қоспалармен немесе шаштаразға барып, сәнді көрінемін деп шашты күйдіру, түсін өзгерту уақыт өте келе шаштың көріксіз болуына алып келеді. Өйткені, шашқа қажетті дәрумендер мен минералдар жеткіліксіздігінен шаш та «АУЫРАДЫ».

Егер шашыңызға «мейіріммен» қарап, оған әртүрлі жолдармен күтім жасайтын болсаңыз, табиғатыңыздан шашыңыз сирек, жұқа болса да оны қалыңдатып, жібектей жұмсақ етуге, сұлу көрінуіне тек өзіңіз ғана жағдай жасай аласыз.



Шаш күтімі үшін масканың түрлері көп

Алайда, ең дұрысы адам ағзасына зиянды әсері болмайтын түрі. Шаштың саулығын қалыпқа келтіру үшін де дұрыс тамақтану маңызды. Күнделікті ас мәзіріңізден түрлі көкөністер мен сүт өнімдерінің көбірек болғаны дұрыс. Теңіз өнімдері мен кептірілген жеміс-жидектер де ағза үшін ғана емес, шаштың саулығы үшін өте пайдалы.


Күнделікті ішетін сұйықтықтың көлемі де орташа алғанда 5-8 стаканнан кем болмағаны абзал.


Шаш үшін қажет болатын өнімдердің құрамында кремний, темір, омега-3, белок, цинк микроэлементтері және А, С, В дәрумендері бар азық-түліктерді көбірек тұтыныңыз.

Өйткені, бұл өз кезегінде шаштың саулығына әсер етеді. Оның үстіне, шаштың түсуі мен қайызғақтың пайда болуында құрамында цинк микроэлементі бар тағамдарды (қой және сиыр еті мен қауынның дәні) жиірек тұтынсаңыз да көп пайдасын тигізеді.

Ал, кремний болса, шаштың коллаген қабатын жаңартып, өсуін жылдамдатады. Кремний көбінесе қиярда, аскөк, ақжелкен, болгар бұрышында кездеседі.


Егер шашыңыз төгіліп түсетін болса...

Онда ағзаңызда белок тапшылығы орын алып жатыр. Шашыңызға керекті дәрумендердің тапшылығынан орын алатын бұл жағдайды болдырмау үшін қара нан, қайнатылған жұмыртқа, жаңғақ пен етті күнделікті тамақтану рационына қосыңыз.


Шашыңыздың сыртқы көрінісі «аянышты» халге дейін жеткен болса, В дәруменімен қоса, С дәруменін де қатар қабылдау керек. Өйткені бұл дәрумендер шаштың құрамын оң жағынан өзгеріске ұшыратып, көп көмек береді.


Ағзаға А дәрумені мен омега-3 жеткіліксіздігі орын алғанда бас терісі майланып, қайызғақтың көбеюіне мүмкіндік береді. Осы жағдайда тек қана рН-балансының қызметі бұзылуы емес, түрлі қоспалармен дайындалған шырындарды шамадан тыс көп тұтыну да өз әсерін тигізеді. Сондықтан, әр нәрсе өз мөлшерімен болғаны да дұрыс.


Сонымен қатар, сау шаштың иесі болып жүру үшін ұдайы сәбіз, қияр, қызанақ, картоп, авокада, брокколи, болгар бұрышы, цитрустық жемістер, алма, кептірілген жемістер, тауық еті, сүт өнімдері, балық секілді азық-түліктерді дастарханыңыздан үзбегеніңіз абзал.


Физикалық қимыл-қозғалыс та шаш үшін пайдалы

Қалай? Аптасына кемінде 2 рет фитнеспен шұғылдануға уақыт табыңыз. Міндетті түрде фитнес залына бару емес, үй жағдайында да, жұмыста болсаңыз да қимыл-қозғалыс жасап тұруыңыз керек. Қимыл-қозғалыс дегенде, басыңыздың қанайналымын жақсарту үшін қажетті жаттығуларды таңдап алыңыз. Тым болмағанда күн сайын 1 сағаттай өзіңізге ұнайтын көңілді әуендерге билеңіз.


Тым қатты ашығып, бір отырғанда тоя тамақтанудан аулақ болыңыз. Бұл бұрыннан айтылып келе жатыр, күніне 5 рет аз-аздан, жиірек тамақтану керек. Әр тамақтанудың арасы 3 сағаттан артық болмағаны дұрыс.


Кофе мен қып-қызыл, қою етіп демделген шайды мүмкіндігінше бас тартыңыз. Оның орнына табиғи шырын, газсыз минералды су, емдік шөптердің қайнатпасын ішсеңіз құба-құп.


Бір күндік тамақтану режиміңіз:

1. Таңғы ас: даршын (корица) мен мейіз қосылған күріш ботқасы

2. Екінші таңғы ас: кез келген жеміс және сүтті коктейл

3. Түскі ас: асқабақ, тауық еті мен сәбізден қайнатылған сорпа және картоп пюресі, қозықұйрық

4. Екінші түскі ас: жеміс-жидектен жасалған салат.

5. Кешкі ас: теңіз өнімдерінен дайындалған спагетти


Күнделікті тамақтануыңызға қосымша күн сайын 1 ас қасық өсімдік майы, 1 стакан сұлы ботқасы, 1 ас қасық бал мен жаңғақ қосылған сұлы салатын тұтынуыңызға да болады.

Егер осы талаптардың барлығын ретімен орындасаңыз, 1-1,5 айдың ішінде әдемі шаштың иесі атанасыз. Шаштың түсі де қанық бола түседі.

Осылай тамақтансаңыз, тек шашыңыз ғана емес, бетіңіз де нұрлана түспек.



Ең керемет МАСКА

Шаштың саулығын, әдемілігін жоғары дәрежеде арттыратын бұл масканы косметологиялық салондарда да көп қолданады. Ал, біз оны өз үйімізде жасай аламыз. Тек қана уақытыңыз бен табандылығыңызды арнай алсаңыз болғаны.

Ол үшін кез келген өсімдік майын (зәйтүн, ошаған майы, кастор майы) отқа қойып қыздырып алған соң, оған бір дана лимонның сөлін сығып қосу керек. Дәріханаларда сатылатын «АЕВИТ» дәруменінің 5-6 тамшысын және 1 ас қасық коньяк қосып барлығын жақсылап араластырамыз. Шаштың түбіне, яғни, бас терісіне сіңіре жағып, массаждау керек. Маска сіңген соң шашыңызға полиэтилен пакетімен орап, оның сыртынан сүлгі немесе орамалмен жылы етіп орап қойыңыз.

Бұл масканы шашта 1 сағаттан 3 сағатқа дейін ұстаңыз.

Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ЖҰМЫРТҚАның ҚАБЫҒЫ 10 ЖЫЛҒА жасартады

ӘЖІМге қарсы СУПЕР МАСКА