Бала жан-жақты толық дамуы үшін кейбір нәрселерге тыйым салмаған дұрыс.
Ата-ана деген уақыт өткен сайын балаларды түрлі нәрселерден тыйып тастап отырады. Осылайша баланы өмірдегі түрлі қауіпті жағдайлардан сақтандырамыз деп ойлайды. Кейде тіпті баланың орнына, жылдам өзі жасай салғанды дұрыс көреді. Алайда, бала толық даму үшін көп нәрсені өзі көріп, ұстап, қолданып, ойнап көруі қажет.
Ата-аналарға кеңес болсын, бала жан-жақты толық дамуы үшін мына нәрселерге тыйым салмаған жөн:
Қателесуге
Негізі әрбір бала қателесуден қатты қорқады. Көбіне өзі іштей қорқып тұрған баланы одан беттер асықтырып немесе аяқ киімінің бауын дұрыс байламағаны, киімін дұрсыс кимегені үшін ұрсып жатамыз. Ал осыдан кейін баланың бір нәрсе істеуге деген ықыласы жоқ деп ренжіп жатамыз. Егер жағдай қайталана берсе, онда бала үйреткеніңізді құлықсыз істейді және дербес болуды қояды.
Бас тартуға
Бала – бағынышты жан емес. Ол кішкентай ғана адам және отбасының толыққанды мүшесі. Балаға «жоқ» деп айтуға тыйым салу арқылы, ересектер оның жеке шекарасын бұзады. Ең дұрысы мәмілеге келу, істегің келмейтін істі не үшін жасау керек екеніндәлелдер келтіріп, анықтап айтып жеткізу.
Жылауға
Балалар өміріндегі өзгерістерді қиын өткереді. Сондықтан олардың көңіл-күйінің түсуі қалыпты жағдай. Баланы жылағаны үшін ұялытуға, ұрсуға, қорқытуға болмайды. Оның орнына қолыңызды созып, болған жағдайды анықтап сұрап шешуге тырысу керек. Не үшін жылап жатқанын және оны қалай түзету керек екенін түсіндіріңіз.
Шулауға және тентектік жасауға
Түрлі іс-әрекеттер арқылы бала әлемді белсенді түрде тани бастайды және эмоциясын, жиналып қалған күш қуатын шығарады. Оларға өзін қалай көріп, қалай болғысы келсе солай еркін болуына тыйым салмаңыз. Керісінше, мүмкін болса бірге қосылып ойнап, шулап алыңыз. Мұның кішкентайлармен қатар ересектер үшін де үлкен пайдасы бар.
Таңдау жасауға
Ата-аналар көбіне өз таңдауларын балаға таңып қоюға тырысады. Менің балам, оған ненің дұрыс екенін өзім жақсы білем деп ойлайды. Әрине мұны жақсы ниетпен істейміз, бірақ баланы солай төмендетіп тұрғанымызды білмейміз. Сондықтан көбіне мұндай жағдай баланың қарсылығына немесе қалағанымызға қарсы нәтиже шығады. Баланың қалауын біліп, өзіне таңдау жасауға тыйым салмаған дұрыс.
Қорқуға
Кішкентай балалар танымайтын туысқаннан, дәрігерден, жан-жануарлардан қорқуы мүмкін. Қорқу бұл қалыпты екенін және қандай жағдайда қорықпау керек екенін балаға түсіндірген жөн. Сондай-ақ қорқу жайлы айтып түсіндіргенде міндетті түрде балаңызды құшақтаңыз. Әрдайым жанында екеніңізді сезінсін.
Ашулануға және қызғануға
Бала да ересектер секілді адам. Олар да тура үлкендер секілді қызғану, ашулану секілді жағымсыз эмоцияларды сезінеді. Ата-ана баланың ерік-жігері толық қатаймағанын ескере отырып, оның өз-өзін ұстай алмай, өзін бақылау қиынға соғатынын ұмытпағаны дұрыс. Ашулансын, қызғансын, тура үлкендер секілді эмоциясын шығарсын.
Өзінің құпияларының болуына
Бала өскен сайын оған көбірек жеке кеңістік қажет. Ата-аналар баланы тек бақылап, қауіпсіздігін ғана ойлап қоймай, оның жеке шекарасын да құрметтеуі тиіс. Баланың сеніміне ештеңе жетпейді. Сондықтан оның сізге айтқан құпияларын дастархан басында өзгелерге жайып салмағаныңыз жөн. Тіпті жасөспірім балалардың күнделігін оқып, біраз құпиясына қанық болсаңыз да ешкімге тіс жармаған дұрыс.
Сараңдық танытуға
Балалар ересектер секілді өз заттарына иелік етуге ерікті. Сондықтан егер өзінің затын бергісі келмесе, ол үшін ұрысудың, ұялытудың қажеті жоқ. Мүмкін бұл мүлде сараңдық емес, жай ғана есеп, үнемшілдік болар. Сонымен бірге бала қанша жаста болса да «көрдің ба, сенің сараңдығыңа бәрі күліп жатыр» деген секілді сөздерді мүлде айтуға болмайды.
Жеке пікірін айтуға
Баланың кішкентай болғанымен жеке тұлға екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан оның жеке пікірі болуы заңдылық. Сол себепті баламен тең ддәрежеде сөйлесу қажет. Ның да өз қажеттіліктері, керегі болатынын ескеріңіз. Балалар кез келген жағдайды ересектерге қарағанда ауыр өткеретінін естен шығармайық.
Дайындаған: Э.Базарбаева,