Стрестен қорғайтын ең мықты 4 амал
Сурет: www.hrnews.cz
Стресс – бұл біздің ағзамыздың қоршаған ортаға бейімделуі мен аман қалуы үшін табиғи реакциясы. Ұзаққа созылған күйзеліс ағзаның жағдайына теріс әсер етіп, оны әлсіретуі мүмкін. Өмір салтыңызға пайдалы әдеттерді енгізу стрестік жағдайларға оңай бейімделуге және оларды жеңуге көмектеседі.
Әдет №1. Тыныштықты тыңдау
Тыныштық стресті жеңілдетіп қана қоймай, ақпаратты қабылдау қабілетін жақсартуға және ойлау процесін ынталандыруға көмектеседі.
Қалай тыңдау керек?
- Өзіңізге қолайлы уақыт пен орынды таңдаңыз, өзіңізбен оңаша болыңыз;
- Барлық шулы құрылғыларды (теледидар, тұрмыстық техника) сөндіріңіз;
- Жайлы, босаңсыған күйде отырыңыз немесе жартылай жатыңыз;
- Көзіңізді жұмып, айналадағы дыбыстарды тыңдаңыз. Бірдеңені естуге арнайы тырыспаңыз. Жай ғана бақылаңыз,
- Бар болғаны бірнеше минут тыныштық сіздің босаңсып, күш жинауыңызға жеткілікті.
Әдет №2. Әлеуметтік желіні спортпен алмастыру
Тек 30 минуттық дене белсенділігі әлеуметтік желілерді немесе интернетті шолумен өткізілген уақытты алмастыра алады. Бұл көңіл-күйді жақсартып, жалпы жағдайды жақсартуға көмектеседі. Экран алдында өткізетін уақыттың бір бөлігін физикалық белсенділікке ауыстырыңыз. Көбірек қимылдап, телефонда аз уақыт өткізуге тырысыңыз.
Бұл әдет стрессқа төзімділікті арттырып, депрессия белгілерін азайтуға көмектеседі және өмірге қанағаттану сезімін күшейтеді.
Бар-жоғы екі апта бойы күнделікті жаттығу жасасаңыз, оның оң әсері алты айға дейін сақталуы мүмкін.
Әдет №3. Серуендеу
Бір сағаттық серуендеу стресті азайтуға, оған төзімділікті арттыруға, сондай-ақ психикалық денсаулықты сақтауға және бұзылулардың алдын алуға көмектеседі.
Макс Планк атындағы Адам дамуы институты жүргізген зерттеуде бірінші бақылау тобы бір сағат бойы орманда серуендесе, екінші топ қала көшесінде жүрді. Зерттеу соңында мидың ФМРТ сканерлеуі жүргізілді. Нәтижесінде, орманда серуендеген бірінші топтың миындағы стресс кезінде белсенді болатын бадамша безінің (амигдала) қызметі төмендегені анықталды.
Сондықтан серуендеу уақыты мен жиілігі ғана емес, оны қай жерде өткізетініңіз де маңызды. Қаланың көгалдандырылған аймақтарын, саябақтарды, скверлерді немесе орман алқаптарын таңдаған жөн.
Әдет №4. Дұрыс тағаммен қарулану
Әдетте, стресс кезіндегі күйзелу мен үрей мезгілсіз, жөнсіз зиянды ас тұтынуға итермелейді. Берілмеңіз. Берілсеңіз, жеңілесіз. Оның орнына дұрыс тамақтану қағидаларымен, дұрыс азық-түлікпен қаруланыңыз. Ең жақсы көмектесетіндер – серотонин, дофамин және эндорфин гормондарының бөлінуін арттыратын азықтар. Олардың қатарына бидай жармасы, інжір, майлы балық, брокколи, қара шоколад, айран, куркума кіреді. Ал кофеин, алкоголь, тағамдық бояғыштар мен консервант, дәм бергіш қоспалардан аулақ болыңыз.
Осындай пайдалы әдеттерді күнделікті өміріңізге енгізу стреске төзімділікті арттырады. Өзіңізге қамқор болыңыз!
Аударған: А. Мейірханқызы,