Мазақ сөздер, жағымсыз лақап аттар… Мұның бәрінен мектеп қабырғасындағы әр бала өтеді. Біреулер қарсы сөз тауып құтылып кетсе, енді біреулер өзін қорғай алмайды. Қорғана алмағандарға қарсы мазақ одан бетер күшейеді. Ал ересектер көбіне «Бала ғой, ақылы кіргесін өздері қояды» деп қол сілтеуге бейім.
Шын мәнінде сыныптастарының мазақтап, келекеге айналдыруы жасөспірімдер арасында суицидке әкелетін маңызды себептердің бірі болып табылады. Өкініштісі сол, бұл құбылыс әлемде және елімізде кең таралған.
Зерттеулер көрсеткендей, мектептегі буллинг (қорлау, мазақтау) жасөспірімдердің психикалық денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Мысалы, Қытайда жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, мектепте қорланған оқушылардың психологиялық жағдайы нашарлайды, депрессия, мазасыздық, ұйқысыздық, интернетке тәуелділік, өзін-өзі төмен бағалау және суицидтік ойлар сияқты мәселелер жиі кездеседі. Қорлау деңгейі жоғарылаған сайын, бұл мәселелердің ықтималдығы да артады.
Сондықтан бұл жай ғана ұсақ-түйек емес. Балалардың ойыны деп қарауға болмайды. Тіпті зиянсыз көрінетін жеңіл мазақтың өзі баланың өзін-өзі бағалауын құртып, өз-өзіне сенбеу, өзін кінәлау, депрессияға бейімділік, абьюзив қарым-қатынасқа түсіп кету қаупі сынды психологиялық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Сондықтан егер бала сыныптастары келемеждейтінін айтып шағымданса, шара қолданыңыз. Алғашқы шара – балаға дұрыс қорғануды үйрету.
АТА-АНА ҚАЙ КЕЗДЕ АРАЛАСУЫ ҚАЖЕТ?
Балаңыздың эмоционалдық күйін бақылап жүріңіз. «Жағдайың қалай? Мектебіңде (сыныбыңда) қандай жағдайлар болып жатыр? Қиындықтарың жоқ па?» деп жиі сұраңыз.
Бала мектепте болған жағдайда айтып келсе, бүге-шігесін анықтауға тырысыңыз. «Ол не деді? Сен не дедің? Мұғалім не істеді?»
Егер физикалық зорлық (итеру, тепкілеу, заттарын бүлдіру, телефонын тартып алу, ұру) орын алса, ешқандай психологиялық техника көмектеспейді. Мұндай жағдайда міндетті түрде араласу керек!
Сонымен қатар балаңызға «Саған ұнамаған жағдайлар орын салса, ата-анаңа міндетті түрде айтып бер» деп үйретіңіз. Балалар көбіне «тоқылдақ», өсекші атанудан қорқып, үндемей жүреді. Бұл жағдайда балаға қауіпсіздік үшін қам жасаудың сөз тасу, шағым айту емес екенін ұғындырыңыз.
Дәлел ретінде мазақтауды диктофонға немесе видеоға жазып алудың пайдасы бар ма? Көп жағдайда, жоқ. Бұл мазақтаушыны одан сайын агрессивті қылуы мүмкін. Сонымен қатар, үнемі телефонға жүгінетін бала достарымен қарым-қатынасын жақсарту мүмкіндігінен айырылып қалады.
«МӘСЕЛЕ СЕНДЕ ЕМЕС»
Балалар көп жағдайда келемеж сөздерді өзіне қабылдап алады. «Түрім шынымен де жаман шығар», «Менің бетімде ғана безеу бар, мұнымен қалай өмір сүрем?», «Бойым қортық, сосын менімен ешкім дос болғысы келмейді» дегендей. Сондықтан ең алдымен балаға «Сені мазақтаудағы мәселе сенде емес. Мәселе – олардың өз ісінің дұрыс емес екенін білмеуінде. Сырт келбетің осындай болғаны үшін сен кінәлі емессің. Сен ешкімнен кем емессің. Әр адамның артықшылықтары мен кемшілігі, мықты тұсы мен әлсіздігі болады» деп түсіндіру қажет.
ЭМОЦИЯ КҮШ АЛЫП КЕТСЕ...
Сені біреу келеке етсе, оған айналада бәрі ішегі қата күлсе, мұндай сәтте сабырлы қалыпты сақтау оңай емес. Ашу, реніш, қорқыныш сияқты эмоциялар бойды билеп, ары қарай жағдай түгілі өз іс-әрекетіңді бақылауда ұстай алмай қалуың мүмкін. Мұндайда өзіңді бақылаудан шығармау үшін тыныс алу жаттығулары мен визуализация көмектеседі. Мұндай жаттығуларды ғаламтордан оңай табуға болады. Алдымен өзіңіз байқап көріңіз, содан кейін балаңызға көрсетіңіз, бірге жаттығып көріңіз. Өзіңіздің тәжірибеңізді айтып беріңіз: «Білесің бе, кеше жұмыста қатты ашуландым. Бәрін қиратып жібергім келді. Бірақ сабырға келуім керек екенін түсіндім. Сосын мынаны істедім…»
Бірақ бір нәрсені есте сақтаңыз: сізге көмектескен тәсіл балаға көмектеспеуі мүмкін. Бірнеше нұсқаны байқап көріп, балаға лайықтысын таңдау керек.
РЕАКЦИЯ БЕРУ ТӘСІЛДЕРІ
Әдетте келемеждеушілер құрбандарынан жылауды, қорқуды, ақталуды немесе ашулануды күтеді. Сол үшін олардың қалағанын жасамай, мүлде күтпеген реакция көрсетіп шатастыру керек. Мына тәсілдер жақсы көмектеседі:
1. Жартылай келісу. Алдымен сабырмен «иә» деп айт, артынша өзіңді төмендетпейтін пікір қос.
«Талғамың мүлде төмен. Қаңғыбастар сияқты киінесің» → «Иә, менің киіну стилімді бәрі түсіне бермейді»
«Әй, қортық!» → «Иә, менің бойым сенен кіші. Біле білсең, тарихтағы көптеген ұлы адамдардың бойы қысқа болған»
2. Комплимент. Мақсат — мазақтаушыны мақтау емес, оның назарын басқа жаққа аудару. Сабырмен, байсалды жүзбен айту керек.
«Жираф келе жатыр!» → «Осы сендердің байқампаздықтарың ұнайды. Менің бойым расында да ұзын»
«Осы сен-ақ былжырап жүреді екенсің» → «Ооо, «Р» дыбысын керемет анық айтады екенсің, жарайсың. Қане, былжыРРРақ деп тағы бір рет айтшы».
3. Нақтылау сұрақтары. Мазақтаушыдан сол сөзін қайта айтуды, неге олай ойлайтынын, қандай дәлелі бар екенін, т.б. агрессиясыз, байсалды түрде сұрау.
«Арай Жасұланды жақсы көреді!» → «Сен менің ішкі ойымды қашаннан бері білесің? Саған сырымды айтып па едім», «Қызық, мен жайлы тағы не айта аласың?»
4. Назарды басқа жаққа бұру. Қимылмен мазақтағанда көмектеседі. Мысалы, саған ортаңғы саусағын көрсетсе → «Сен мына саусағыңды сындырып алғансың ба? Неге ол қисық?»
5. Мазақтаушының көзіне тік қарап, қысқа, нық және сабырлы кез келген жауап қату.
«Біз сендейлермен дос болмаймыз!» → «Сонымен?»
«Сен ақымақсың!» → «Сау бол!». Сосын жай ғана бұрылып кетіп қалу.
Бұл әдістерді жай ғана айтып түсіндіру жеткіліксіз, балаңызбен бірге оларды жаттығу арқылы айтып көру керек.
Олар тек бала өзін іштей сенімді сезінсе ғана әсер етеді. Ал мұндай сенімділік дайын жаттап алған сөздерден емес, ата-ананың қорғаныш тәжірибесінен туындайды. Анасы ұрсып емес, жанашырлықпен қабылдағанда, мұғалімнің көзінше баласын кінәламай, қорғап сөйлегенде бала өзін қауіпсіз сезінеді.
Сондай-ақ, бала өз шекарасын қорғай алуы үшін үйде оның жеке кеңістігіне де құрмет көрсетілуі керек. Мысалы, бөлмесіне кірмес бұрын есік қағу, әлеуметтік желідегі жазбаларын рұқсатсыз оқымау, т.б.
АССЕРТИВТІ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚҚА ҮЙРЕТУ
Ассертивтілік – өз құқықтарын қорғай отырып, басқалардың құқықтарын бұзбау қабілеті. Баланың «жоқ» деп айтуға, өз сезімдерін агрессиясыз білдіруге үйрету маңызды.
Эмоционалды интеллектіні дамыту баланы өз эмоцияларын тануға және басқаруға үйрету оның стресстік жағдайларға төзімділігін арттырады.
МЕКТЕППЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Мектеп әкімшілігімен және мұғалімдермен тығыз байланыста болу, қажет болған жағдайда мектеп психологымен кеңесу маңызды.
ҚАНДАЙ СӨЗДЕРДІ АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ?
«Сен әлсізсің бе? Солардан қорқасың ба?»
Мазаққа тек әлсіздер, қорқақтар ғана ұшырайды деген – бос сөз. Балалар кез келгенге тиісуі мүмкін: түр-келбетіне, фамилиясына, ерекше қызығушылығына. Ал егер бала бір нәрседе басқалардан жақсы болса, қызғаныштан мазақтауы мүмкін.
«Мән бермей-ақ қой. Өзіңмен-өзің сабағыңды оқып, тыныш жүрсең болды»
Елемеу мазақтаушыларды одан сайын ынталандыруы мүмкін. Оның үстіне, әлі психикасы толық қалыптасып үлгермеген балалар үшін мән бермеу, сабыр сақтау оңайға түспейді.
«Сен олардан күштісің. Бір ұрып жібер, сосын өзі үшін қояды»
Осындай «ақылдан» соң балаңыз шынымен ұрып, бір жерін сындырып қойса ше? Ал егер қарсы тарап күштірек болып, балаңызды соққыға жықса ше? Оқиға арыздану, полицияға тіркеу, сот, жәбірленушінің еміне өтемақы төлеумен жалғасын табуы мүмкін ғой. Жағдай одан әрі ушығады. Сізге бұл керек пе?
«Кім ренжітті, көрсетші маған, жанын шығарайын»
Мұндай «күрес» ата-ананың беделін түсіреді. Одан бөлек, баламен бала боп алысқан ата-ананың өзі полициямен қиындыққа ұшырауы мүмкін.
ЗАҢГЕР КЕҢЕСІ
Мектептерде балалардың құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және суицидтің алдын алу бойынша шаралар қабылдануда. Сондықтан бірінші кезекте сынып жетекшісіне мәселе туралы хабарлаңыз.
Одан нәтиже болмаса, «Баламның қауіпсіз ортасын қамтамасыз ету мен буллинг фактілерін тексеруді сұраймын» деген мазмұнда мектеп директорының атына ресми өтініш жазуға болады.
Заң бойынша, оқу орнының әкімшілігі мен педагогтары оқу процесі барысында оқушылардың физикалық және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітілген. Бұл жоспар мектептерде балалардың психоэмоционалды жағдайын бақылауды, психологтардың біліктілігін арттыруды және ата-аналармен жұмыс жүргізуді көздейді. Сондықтан егер шағым сауатты жазылса, мектеп дереу әрекет етуге тиіс.
Бұдан бөлек, мектептерде психологтар мен әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Олар оқушыларға психологиялық қолдау көрсетеді, сенім жәшіктері арқылы өтініштер қабылдайды және психологиялық қолдау орталығы арқылы ата-аналар мен оқушыларға көмек көрсетеді.
Егер одан да нәтиже болмаса, білім бөліміне немесе департаментіне шағым жазыңыз. Қазақстандағы 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Бұл орталық балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетеді.
Ең бастысы – бала дау-дамайды көтере алуды, жағдайға иелік ете алатынын сезінуді үйренуі тиіс. Бұл есейіп, өмірлік тәжірибе жинаудың маңызды сатысы.
Дайындаған: А. Бектұрғанова,


