​ШЫМКЕНТТЕ «ЖАРАПАЗАН FEST» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

0
168


​ШЫМКЕНТТЕ «ЖАРАПАЗАН FEST» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында 16 наурыз – Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай «Жарапазан Fest» атты республикалық байқауы өтті.

Дүбірлі додаға республикамыздың әр өңірінен келген өнерпаздар қатысты. Атап айтқанда, Түркістан облысының аудандары мен Түркістан қаласынан, сондай-ақ Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары мен Шымкент қаласының үміткерлері бақ сынады. Қатысушылар төл өнеріміз – жарапазан айту дәстүрін жаңғыртып, оны өзіндік нақышына келтіре орындап, көрермен ілтипатына бөленді.
Екі кезеңнен тұрған байқау барысында өнерпаздар жарапазан жырын орындап қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді. Бұл кезең қатысушылардың тек орындаушылық шеберлігін емес, сонымен қатар ұлттық таным-көкжиегін де саралап берді.

Қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет үздігі, республикалық конкурстардың лауреаты, дәстүрлі әнші және термеші Жақып Спатаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жыршы-термеші Абылай Бөріханов, сондай-ақ айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов болды. Қазылар алқасы үміткерлердің өнеріне жоғары баға беріп, шығармашылық табыс тіледі.
Байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлер келесідей анықталды:
• Бас жүлде – «Тұғыр» квартеті (Жетісу облысы)
• І орын – «Арша» тобы (Түркістан облысы, Түлкібас ауданы)
• ІІ орын – «Созақ серілері» (Түркістан облысы, Созақ ауданы)
• ІІ орын – «Шымкент серілері» (Шымкент қаласы)
• ІІІ орын – «Талас толқыны» (Жамбыл облысы, Талас ауданы)
• ІІІ орын – «Жуалы» тобы (Жамбыл облысы, Жуалы ауданы)
Ынталандыру сыйлығы:
• «Достар» тобы (Алматы қаласы)
• «Көне» триосы (Түркістан қаласы)
• «Жылыой» тобы (Атырау облысы)
Арнайы жүлде:
• «Салауат» тобы (Қызылорда облысы)
• «Төлеби қырандары» (Түркістан облысы, Төлеби ауданы)
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттармен және сертификаттар табысталды.
Бөлісу