​Төркіншіл келінді дер кезінде жөнге салу керек

0
11 800

Қазақ «қыз - жат жұрттық» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі күні тұрмысқа шыққан қыздардың барған жеріне судай сіңіп, тастай батып кетпей, төркін жағалап жүргені көптеп кездеседі. Ал қазақтың ырымында ұзатылған қыздың төркініне барып жиі жатуы жақсы ырым емес.


​Төркіншіл келінді дер кезінде жөнге салу керек

фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Қазақ «қыз - жат жұрттық» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі күні тұрмысқа шыққан қыздардың барған жеріне судай сіңіп, тастай батып кетпей, төркін жағалап жүргені көптеп кездеседі. Ал қазақтың ырымында ұзатылған қыздың төркініне барып жиі жатуы жақсы ырым емес.

Ене мен келін тақырыбын тағы бір рет қозғауға тура келіп отыр. Өйткені, бұл қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Мені бей-жай қалдырмаған да көршіміздің тағдыры, оның маған мұңын шаққаны еді. Алпысты алқымдап қалған осы әйелдің келінімен арасындағы жағдайы, қарым-қатынасында қиындықтар бар. Қалай шешімін табарын білмей, кімнен көмек сұрарын да таппай, тым болмаса, ішімдегі сырымды ақтарып алайын деген оймен өз оқиғасын баяндап берген еді.

«Өзім ене болған соң, келінімнің басқа да білместіктерін кешіре алармын-ау, бірақ, осы мінезі отбасының бұзылып кетуіне жағдай жасап отырғандығын неге өзі де, құдағиым да түсінбейді деп таң қаламын. Өйткені, келіннің шешесінің де үлесі бар болып тұр ғой. Келінім оның жалғыз қызы, кішкене көмек керек болып жатқан шығар, барса барып келсін деп жиі жіберіп тұратын едім төркініне. Кейде келіннің өзі сұранады, кейде құдағиым шақырып алады, төркінге шапқылау көп болып кеткен еді соңғы кездері.

Келінімді жамандағаным емес, бірақ оның осы бір мінезіне ескерту айтсаң бұрқылдап шыға келетін болып барады.

Ал әйелдің оғаш мінезі болса орнына қоятын, бағындыра білетін ер-азаматы емес пе? Осыны малданып, мен де ұлыма «келінге ескертіп қой сен де, әдет болып кетсе қиын болады» деп те ескерттім. Ұлым болса: «Барса не болады екен? Анасына көмек керек болыпты, үйдің де жұмыстарын бітіріп, сосын кетіп жатыр ғой», - деп оны қорғаштады. Көңілім қалса да үндемедім. Мен бірдеңе айтсам, үлкен ұрыс шығып кетейін деп тұр, сабыр сақтадым.

Бірақ, менің ақылымды келінім де, ұлым да жүрдім-бардым тыңдап ашуыма тие бастады.

Тіпті, құдағиымның өзі қызына қой демейді, керісінше оның ісін дұрыс санайтын сияқты.

Ауылымыз бір, бір көшенің бойында тұрамыз ғой деп ойласам, ол төркіндетуді тым жиілетіп жіберген сияқты. Тіпті, еш себепсіз-ақ төркініне барып, бір-екі күн жатып алатынды шығарды. Ұлыма айтсам, ол өзіме қарсы шығады. Жастар ғой десем де ұлымның өз әйелінің сөзін сөйлеп, маған қарсы шыққаны ұнамады.

Білмеймін, «отбасымның берекесі қашпасын» деп тіс жармай жүрсем, келінімнің төркініне біржолата көшіп кететін түрі бар.

Әйелдіңтөркіншіл болуы рулы елдің арасында намыс қозғайтын іс. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан түсінігі. Тым болмаса құдағиым «ұят болады, тұрмыстағы қыздың төркінге келе беруі жақсы емес. Ұйып отырған шаңырағыңды осы себептен ортасына құлатып алуың мүмкін. Енді сенің үйің сол жер» деп неге айтпайды?

«Шыққан қыз шиден тысқары» деген сөз не үшін айтылған? Қазақта өмірден озған адамды оң жаққа салады. Ал, ұзатылған қыздың қайтып келуі де өліммен тең, мүрдені үйге алып кіргенмен тең делінеді. Сондықтан, мен келінімді ақылмен тәрбиелеуге көштім.

Құдағидың анасы да бар-тұғын. Сол кісіге құлаққағыс етіп, құдағиыма айтар сөзімді жеткіздім. Яғни, егер ол анасының сөзінен аттап кетпесе, бір жас отбасының өмірін сақтап қалар едік.

Сексенге келген үлкен құдағи арқылы біз барлығын жөнге салғандай болдық. Тәрбиеден о бастан ағаттық кеткен болып тұр ғой, соны орнына келтіргендей болдық. Өйткені, қыз балаға «барған жеріңе балдай батып, судай сің» деген бата-тілек те текке айтылмады. Мен де өз қыздарыма соны үнемі айтып отырамын. Қыз қонақ болып қана келуі тиіс, әйтпесе өз отбасындағы жағдай қиындап кетеді», - деген көрші апайдың сөзіне ойланып қалдым.

Отбасылық өмірде жастарға, әсіресе жас келіндерге қажет болар, өмірлік сабақ болар кеңес деп ойлаймын. Қыз ұзатқан аналардың да құлағына алтын сырға, қызыңыздың тұрмыста бақытты болғанын қаласаңыз, оны өз еркіне жіберіңіз! Бауырыңыздан «бөліп тастаңыз». Сырттай амандығын біліп, сағынсаңыз да сирек көріскеніңіз жөн шығар.

Г. Жұмаділдаева

ERNUR.KZ