​"Жеті баламда да енем өзі босандырып алған"

0
2 035

Енемнің ептілігі мен біліктілігіне таң қалдым. Содан соң мені сорпа беріп бөлмемнен шығармай 40 күн бойына күтті. Шынымды айтсам, жаялық тұрмақ өзімнің ішкиімімді де жумадым. Жуғызбады. Тек сорпа мен ет, быламық беріп, баланы да өзі бөледі бесікке. Жата бергеннен ішім пысатын. Содан кейінгі балаларымның барлығын енем өзі босандырып алған. Жетеуін де енем өзі кіндігін кесті. Бәрінде далаға шығармай, салқын суға қолымды салдырмай күтетін. Тек осы баламда ғана қалаға қыдырып келіп, ертерек босанып қойдым ғой..."


​

Перзентханадан жақында шықтым. Алланың берген төртінші қызын өмірге әкеліп, үй-ішімізбен өбектеп, асыт-үстіне түсіп жатқан жайымыз бар. Арасына уақыт салып барып перзентті болу да адам өмірін біршама өзге бағытқа бұрып, жаңаша бір леп сыйлайды емес пе?! Нәрестенің иісін сағынатының бар, оған қоса бір арнаға түсіп алып шыға алмай жүрген бәрімізге де титімдей қызымыз әжептеуір өзгеріс әкелді. Соған қарап отырып, " неге он жыл бойына бала тумай жүре бергенмін?!" деген өкініші араластау ой келгені де жасырын емес... Тұрмыстық қиындықтарға кінәні артып қойып жүргенімді де мойындаймын.

Негізі, айтайын дегенім бұл емес еді. Көкейіме түйілген осы бір ой маған перзентханада жатқан кезде келген. Ол да болса жап-жас келіншектің: "Отбасын құрған соң бөлек тұрған жақсы. Ата-енемен бірге тұрғанды қаламадым...", - деген сөзі болатын. Содан кейін-ақ пікірталасымыз жалғасып кеп берді.

"Неге қаламайсың? "Қарты бар үйдің қазынасы бар", рахат емес пе, қайта?! Балаларыңа қарасады, білмегеніңді үйретеді... "

"Ой, өзіңмен-өзің тұрғанға не жетсін?! Еркін жүріп-тұрасың, үйде біреудің жүргені ұнамайды маған..."

Осы тұста мен басқа бір тұстан сауал тастадым.

"Неше балаң бар?"

"Осы - үшіншіміз..."

"Кім қарайды үйдегі балаларыңа?"

"Өзім... Күйеуім қарасады."

"Ол жұмыс істей ме?"

"Иә..."

"Өзі шаршап келеді. Одан балаға қарасады... Жақсы екен..." Менің бұл сөзімді ол онша түсіне қойған жоқ. Балаға қарасып, тіпті тамақ істейтін, қала берсе, онша-мұнша кірін де өзі жуа салатын күйеуін мақтап ала жөнелді. Оның сөзін қостағандар болды, жас босанғандардың кейбірі жақтырмаса да үндемей құтылды.

"Енді, Алла қаласа, үшеу болады балаларың. Онда да сол күйеуің қараса ма?"

"Жоқ, негізі алғаш босанған айда жарты жылға дейін анамды шақырып аламын."

Осы тұста шап бердім...

"Саған ғой, күйеуіңнің ата-анасы үйде жүрген ұнамайды. Ал күйеуіңе жарты жыл бойы анаңның жүргені ұнай ма? Сен соны сұрап көрдің бе?"

Әрине, бұл сұрағым жас келіншекке жаққан жоқ. "Ұнамаса, ұнамай-ақ қойсын. Соның баласына қарасып жатыр ғой, қайта рахмет айтсын."

Дауысы қатқылдана бастаған соң мен де көмейіме кеп қалған сұрақты іркіп қалдым. "Оның анасы қарасып, рахметті өзің айтсаң болмас па еді?!"

Бұлай сөз таластырып отырғаннан түк шықпасын білдім де мен үнсіз қала бердім. Бірақ басқа келіншектер өзара ене туралы, босанып болған соң кімнің енесі қандай күтім жасағаны жайында әңгіме өрбіді. Ол келіншек ене жайындағы әңгімеге араласа алған жоқ. Осы кезде менің енемнің әпкесі келіп, үлкен ыдысқа құйылған быламық әкелгенін айтты. Жағдайымды сұрап, бөпемді көрген соң быламықты суытпай ішіп алуымды тапсырып, қайтып кетті. Келген-кеткенді таныстырып отыратын әдетіміз емес пе, енемнің әпкесі екенін білгенде келіншектер таңданысып жатты. "Өз қайын әпкеміз әзер келеді, енеңіздің әпкесі келсе, жақсы екен..."

Иә, енемнің әпкесі өте жанашыр адам. Әсіресе, жас босанған әйелдің жайын жақсы жасайды. Апа-әжелерімізден қалған ғұрыптар мен күтім жағын да жақсы біледі. Өз енемнің одан сұрап отыратынын да білемін. Маған ұнайтыны - сол әпкеміздің жасаған быламығы. Өзің босанып, денең босап, бір ыстықты қалап жатқаныңда сүтке қайнатылған тары араласас қара талқаннан жасалған, күйдірілген сары май қатқан дәмді талқанын ішсең, арқаңнан тер бұрқ ете қалады.

Палатада жатқан келіншектерге бөліп құйып бердім. Осы кезде ең алғаш ішкен тап осындай дәмді быламыққа байланысты жайт есіме түсіп, басқаларға айтып бердім.

Ол осыдан он төрт жыл бұрын, тұңғышымды босанып перзентханада жатқан кезім еді. Онда босанған келіншектердің ең жасы менмін. Менен соң ертеңіне палатаға нәзік келіншек түсті бөпесімен. Біреу төртіншісін, енді біреуі үшіншісін босанып жатса, оныкі сегізіншісі екен. Шынымды айтсам, екеумізді салыстырса, сегіз перзентті өмірге әкелген ана келіншек менен жас сияқты. Бәріміз таңырқап қалыппыз. Ол да мұнымызды байқап, "енемнің арқасы ғой" деді жымиып. Сөйтті де енесінің қалай күтетінін айтып берді.

"Он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Енемнің қолында тұрдым. Алыс ауданда, қойшы ауылда тұрамыз. Тұрмыс қиын деп енем маған "бала тума" деп айтқан емес. Қойшы ауылдардың арасында енем танымал екен. Алыс перзентханаға жеткізу қиын болса, сондағы келіндерді енем босандырып алатын көрінеді. Менің де тұңғышымды босанатын уақытым қыстың қақаған боранына тап келді. Аудан орталығы тұрмақ жақын ауылға жете алмайтынымыз анық. Менің түрімнен қорыққанымды сезген енем сабырға шақырды.

Пешті лаулатып жағып, жанына қалыңдап көрпеше төседі. Су қайнатып, қазанға ет салды. Керек-жарағының бәрін түгендеп, менің белімді уқалап, Алладан медет сұрады. Бір кезде ішімді сипалап көрді де, "болды, жат" деді. "Менің айтқанымды тыңда" деп айналып-толғанып, бар жылы сөзімен еркелетіп жүріп жеп-жеңіл босандырып алды. Әлі де қорқып жатырмын. Баламды орап қасыма жатқызып қойды. "Серігі деген болатын еді, жатырымда бірдеңе қалып кетсе ше?" деп іштей уайымдап жатырмын. Бір кезде ұршықтың тасын аузыма тосып, "қане, қатты үрле" деді. Сол кезде баланың серігі де түсті...

Енемнің ептілігі мен біліктілігіне таң қалдым. Содан соң мені сорпа беріп бөлмемнен шығармай 40 күн бойына күтті. Шынымды айтсам, жаялық тұрмақ өзімнің ішкиімімді де жумадым. Жуғызбады. Тек сорпа мен ет, быламық беріп, баланы да өзі бөледі бесікке. Жата бергеннен ішім пысатын. Содан кейінгі балаларымның барлығын енем өзі босандырып алған. Жетеуін де енем өзі кіндігін кесті. Бәрінде далаға шығармай, салқын суға қолымды салдырмай күтетін. Тек осы баламда ғана қалаға қыдырып келіп, ертерек босанып қойдым ғой..."

Әңгімесін аяқтаған келіншекке бәріміз аузымыз ашыла қарап қалыппыз. Сол кезде оның жасы ұмытпасам, 35-тер шамасында болды-ау деймін. Бірақ сырт сымбаты мен ширақтығы сол кезде 23 жастағы менімен қатардай болатын. Енді бәріміз де оның енесін көргіміз келді. "Қазір келуі керек, маған быламық әкеледі" деген келіншектің енесін күттік. Терезеден ғана ымдасып сөйлесіп, қоштасып кетіп бара жатқан кәдімгі қазақтың қарапайым ғана апасы екен.

Ал оның жасап әкелген быламығын әлі күнге ұмытқан емеспін. Менің ең алғашқы ішкен быламығым сол болатын. Оған дейін быламықтың не екенін біліппін бе? Бір кесесін сіміріп алғанда бойым балбырап, денем бусанып ұйқыға кеткенмін. Кейін үйге шыққанымда ондай быламықты енем жасап берді ғой талай рет. Бірақ алғашқы татқан дәмім де, сол келіншектің айтқан әңгімесі де есімде қалып қойыпты.

Соны айтып бергенімде келіншектер үнсіз тыңдады да, әрқайсысы түрлі пікір айтысып кетті. Бәрінің де бейтаныс келіншектің бейтаныс енесіне деген разылығы әңгімелерінен-ақ білініп тұр еді. Ерікті-еріксіз түрде әрқайсысы өз енесін мақтай бастады. Көз алдымда енеге деген көзқарас та өзгеріп сала берді. Тіпті, бір-екі келіншек "мына заманда көп бала туып не керек?" деген көзқараста әңгіме айтып отырған болатын. Оған пікір айтқандардың сөзі өзгергендей. "Күтімің келісіп жатса, тумай неміз бар? Бала туған рахат қой, Алла денсаулық берсін. Босанған соң күтіне алсаң, қайта туған сайын ағзаң жасарады. Ширай түсесің..." сынды әңгімелер де айтылып қалды.

Ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтін келіншек мұндай әңгімелерге араласа алмай бір бұрышта қалып кеткендей болды. Араласайын десе, ене туралы да, оның жасаған күтімі, қолдан жасап ас ішкізгенін бастан өткермеген. Сонысына өкінетін де сыңайлы.

Үлкендігіме салып: "Сондай жап-жас, денсаулықтарыңды сақтап, әрі баланы да туып үлгергілерің келсе, енеге дұрыс көзқараспен қараңдар. "Апа" деп тұрсаңдар, немересіне де, келініне де қарайды. Мүмкін болса, ененің қолынан кетпеу керек қой. Қайта, қолда қалуға таласу керек", - дедім сөзімнің аяғын бір жағына әзілге де сүйеп. "Иә-иә" десіп қолдай түсті менің сөзімді жас келіншектер.

Өз көкейімде жүрген бір түйгеніммен біршама жанның ойын өзгерте алғаныма қуандым. Мейлі, бір сәтке болса да. Қате пікір мен көзқарасты осындай бірсәттік ойлар өзгертеді емес пе? Ата-ананың қадірі мен қара шаңырақтың киесін, ата-енеге деген құрметті ұмытып жататын кейбір жастардың ойын өзгерте алсаң, қанекей?! Көп балалы болуды тұрмыстық қамыт емес, шаңырақтың шаттығы, ата-ананың бақыты, елдің болашағы санауды жас отбасыларға жүрген жерімізде айтып, ұқтыра білсек, шіркін...

Аймаржан Уәли, Шымкент қаласы.

ERNUR.KZ