«Cаламатты Қазақстан» пойызы Түркістан өңіріне келеді

0
517

Тұрғындар терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр мамандарынан тегін тексеруден және емдеуден өте алады.


«Cаламатты Қазақстан» пойызы Түркістан өңіріне келеді

Түркістан облысына «Cаламатты Қазақстан» медициналық пойызы келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның байлығы ең алдымен адамдар екенін атап өткен. Осы орайда, биыл күзде Түркістан облысына қарасты 8 ауылға «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келетін болады.


Медициналық пойыз бүгін «Алматы-2» теміржол вокзалынан салтанатты түрде жолға шығып, осы жылдың 6 желтоқсанына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 120-дан астам станцияны қамтымақ. Ал оңтүстік өңіріне биыл қараша айының 5-19 күндері аралығында қызмет көрсетеді.


Өңірдегі емдеу шаралары жоспарға сәйкес, Күншағыр, Ақшоқат, Қарақоңыр, Шағыр, Бадам, Игілік, Қызылсай, Ынтымақ елдімекендерінде орналасқан станцияларға тоқтайды. Сонымен қатар, медициналық пойыз станцияларда 1-2 күн аялдайды. Дәрігерлер тұрғындарды жұмыс уақытында қабылдайды.


Медициналық бригадалар диагностикалық процедуралар ғана емес, сондай-ақ шағын амбулаториялық операциялар жасайды. Оның ішінде тұрғындар терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр мамандарынан тегін тексеруден және емдеуден өте алады.


Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады.


«Бүгін медициналық көмекке зәру көптеген адамдар үшін өте маңызды күн. Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы әр уақытта аудан орталығына бара алмайды. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздерінің де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі туындайды. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылды», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.


Айта кетсек, пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, сымсыз ғаламторға қолжетімді құралдармен жабдықталады деп көзделіп отыр. Биыл республика бойынша 75 мыңға жуық ауыл тұрғынына 35 медицина маманы қызмет көрсетеді деп жоспарланған.