Түркістан-Мақтаарал. Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерекесі аясында "Спорт - нашақорлыққа қарсы" ұранымен Мақтаарал ауданының ашық біріншілігі болып өтті.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға баулу және зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауды үйретуге бағытталған сайысқа алты ауданнан он бес команда қатысып, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерекесі аясында "Спорт - нашақорлыққа қарсы" ұранымен Мақтаарал ауданының ашық біріншілігі болып өтті. 2003 - 2006 жылғы туылған ұл балалар арасындағы қол добынан екі күнге созылған байрақты бәсекеге Отырар, Арыс, Келес, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарынан он бес команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Адам денсаулығына зиянын тигізетін теріс әсерлер мен бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жағдайлардан сақтандыруды мақсат еткен жарыс алғашқы күннен тартысты басталды. Аудандардан үлкен дайындықпен келген әр команда өздерінің жеңіске деген жігерін көрсетті.
Десек те, қатарластарынан оқ бойы озық шығып 2003 - 2005 жылғы ұлдар арасында Шардара ауданының командасы үшінші орын иеленсе, Мырзакент 1 БЖСМ командасы екінші орынға табан тіреді. Ал, жүлделі бірінші орын Мақтаарал ауданының Әл-Фараби жалпы орта мектебі командасының қанжығасына байланды.
Сонымен қатар, 2006-жылғы туылған ұлдар арасында өткен сайыста Шардара ауданы үшінші орынды, Мақтаарал ауданының Әл-Фараби жалпы орта мектебі екінші орынды, Мырзакент 1 БЖСМ бірінші орынды иеленді.
Жарыс соңында командалық және жекелеген қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.