Мал азығы бағасын негізсіз өсіруге жол берілмейді – Ө.ШӨКЕЕВ

0
574

Өңірдегі мал басына қажетті 4 млн.тоннаға жуық мал азығы 100 % жиналады.


Мал азығы бағасын негізсіз өсіруге жол берілмейді – Ө.ШӨКЕЕВ

Түркістан облысының әкімі жаңбырлатып суару әдісін пайдаланып, жоңышқа егумен айналысатын шаруа қожалығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы елімізде алғаш болып астық жинауға кірісті. Өңірдегі мал басына қажетті 4 млн.тоннаға жуық мал азығы 100 % жиналады. Мал азығы қорын молайтып, мал басын сақтап қалу мақсатында облыстағы мал азығы жағдайына талдау жасалды. Бұл туралы Қазығұрт ауданында өткен «Мал аздығымен қамтамасыз ету және астық ору барысы» туралы көшпелі мәжілісте мәлімдеген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәселені шешуге аймақтардың толықтай мүмкіншіліктері бар екендігін жеткізді. Барлық аудан, қала әкімдері мен шаруалардың басын қосқан жиын Қызылқия ауылдық округіндегі «Қараша-Агро» ЖШС-нде өтті. Облыс басшысы жаңбырлатып суару әдісін пайдаланып, жоңышқа егумен айналысатын шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Биылғы қуаңшылық Түркістан облысында шаруалардың жыл сайын табиғи шөп оратын алқаптарына да әсер етіп, Келес, Сарыағаш аудандарында табиғи шөп бітік шықпады. Жиында мұндай жағдайда мал азығына сұраныс артып, алып-сатарлар арқылы бағаның негізсіз көтерілетіні жайлы айтылды. Бүгінгі жағдай тұрақты. Бірқатар аудандар өздеріне қажетті жем-шөп мөлшерін 100% -ға жинап үлгерген.


«Облыста мал азығын сататын агроқұрылымдардың тізімі жасақталып, тікелей шаруалармен байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ, алдағы уақытта мал азығы тапшылығы тәуекелділігінің алдын-алу, бағасын тұрақтандыру мақсатында Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы орман қорындағы, босалқы және жайылым жерлерінен табиғи шөптерін жинап алу жөнінде 2 облыс әкімдіктері арасында меморандум жасалды. Бұдан бөлек, облыстағы орман қорының жерлерінен табиғи шөптерді орып алу ұйымдастырылуда және Бәйдібек, Созақ, Шардара аудандарының жайылымдарын пайдалануға тапсырма берілді»,- деді облыс әкімі.


Бұл іс-шаралар облыс агроқұрылымдарын қол жетімді мал азығымен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығының даму қарқынын арттыруға жол ашады. Өмірзақ Естайұлы мәселені ушықтырмай, уақытылы шешуді жеткізді. Өңірдегі жалпы мал азығы көлемін арттырып, егістікті әртараптандыруды жалғастырып, жоңышқа өсіруді дамыту туралы тапсырма берді. Басқосуда айтылғандай, бастапқыда батыс өңірлеріндегі жағдайдан үрейленіп, әр бумма пресс жоңышқаның бағасы 1200 - 1400 теңгеге дейін көтерілсе, қазір облыста егістік алқап басынан табиғи шөптер прессі 400-500 теңге, жоңышқа 700-800 теңгеден сатылуда.


«Мақтаарал ауданында жем - шөп бағасы қымбаттаған деген әңгіме дұрыс емес. Бізде мал азығы жеткілікті. Біз нарықты қадағалап отырамыз. Жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кей жерлерде қымбаттатылған бағамен жоңышқа сатылып жатқаны жайлы естідік. Бірақ бұл жекелеген кәсіпкерлердің ісі»,-деді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.


«Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 845 мың гектарға орналастырылып, толығымен аяқталды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шеңберінде биыл мал азықтық дақылдардың көлемі 4,1 мың гектарға артып 217 мың гектарға егілді. Егіс науқанына 20 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан дала жұмыстарына 900-ден астам агроқұрылымға 4,6 млрд. теңге несие берілді. Ауыспалы егін егу тәсілін сақтай отырып, жаңа нөлдік технологиямен өнім алуды Түркістан облысында дамыту қажет, - дейді Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауыл округі, «Сапа-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін ору науқанымен танысқан облыс әкімі.


Ауыспалы егіс – топырақ құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды және танаптарды алмастырып отыру жүйесі. Дақылдар алмастырылып егілгенде, өнім көрсеткіштері жақсарады, жердің құнарлылығы артады, топырақ эрозиясы төмендейді, егістіктің ластануы, зиянкестер мен ауру қоздырғыштардың көбеюі азаяды. Қазығұрт ауданында жалпы егістік көлемі 100 мың гектардан асады. Көктемгі дала қорытындысымен меже 100 пайызға орындалып, аудан толығымен астық тұқымдарымен қамтамасыз етілген.