​Мақтаралдық шаруалар мақта зиянкестеріне қарсы тұру шараларын талқылады

0
2 019

Биыл мақталы өлкенің шаруалары 86 мың 820 гектарға ақ алтын дәнін еккен.


​Мақтаралдық шаруалар мақта зиянкестеріне қарсы тұру шараларын талқылады

ERNUR.KZ.Мақтарал ауданында ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар және мақта дақылының зиянкестерімен күресу шаралары тақырыбында семинар-кеңес болып өтті. "Кетебай" ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде өткен іс-шараға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы қатысып, жиынды жүргізіп отырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. тілшісі.

Ең бірінші болып сөзге шыққан аудан әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Асан Махамбетов ауданда көктемгі дала жұмыстарының аяқталғанын атап өтті. Биыл мақталы өлкенің шаруалары 86 мың 820 гектарға ақ алтын дәнін еккенін айтқан А.Маханбетов мақта зиянкестерімен күресуді қазірден бастау керектігін ескертті.

Жиын барысында аудандық болжам орталығының басшысы Р.Синаев аудан көлемінде мақта дақылы зиянкестерінің таралуы туралы хабарлады. Оның айтуынша, шаруалар зиянкестермен күрес шараларын жылдың басынан бастау керек екен. Яғни, егістік жерлердің жағасындағы ну шөптерде бекініп жатқан мақта көбелектерінің қуыршақтарын жою үшін қажетті шараларды осы бастан бастау керектігін айтты.

Келесі сөзге шыққан аудандық аумақтық инспекция басшысы Т.Елшібаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне егістік алқаптарын сақтандыру және карантиндік зиянкестермен, арамшөптермен күресу жұмыстары туралы баяндады. Инспекция басшысы ауданда сары шырмауық шөбінің шектен тыс көбейіп кеткендігін айтып, онымен бірігіп күресу үшін шаруаларды құлағдар етті. Сондай-ақ, ол дәл осы жабайы шөпті жою үшін 7 мың гектардан астам жерге химикат шашу үшін мемлекеттік тапсырыс беріп жатқандығын атап өтті.

Семинар-кеңесте шаруалар мақта зиянкестеріне қарсы тұруға бағытталған тәжірибелерімен, өздерінің ойлап тапқан ғылыми-техникалық шараларымен бөлісті. Мақта зиянкестеріне қарсы ферромонды тұтқышты қолдану тәсілін түсіндірген биофабрикалар мен биолаборатория ассоциациясының төрағасы П.Абдразаков көптеген биолабораторияның өнімдері сапасыз екендігін айтты. Сондай-ақ, аудан әкімі Жамантай Қанайұлы мақта зиянкестерімен күресудегі химикаттар тұрғындардың денсаулығына зиян екендігін ескертіп, биолабораториялардың сапасын күшейтуді тапсырды.

"Химикатты шашып жатқан шаруалар өзінің денсаулығына зиянын тигізіп жатқанын білуі керек. Біз био тәсілдерді қолдана отырып барынша экологиялық таза өнімдер шығаруымыз қажет" - деді жиынды қорытындылаған аудан басшысы.

Айта кетейік, Қарақай ауылдық округі, Кетебай ауылындағы «Нұр-Кетебай» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы күресетін биолабораториясы, тұқымдық мақта шитін тазалайтын, іріктейтін, дәрілейтін тұқым цехы бар. Сондай-ақ, қуаты 100 тракторға есептелінген орталық жөндеу шеберханасы, жанар-жағармай қоймасы, құрылыс бригадасы, 9 мақта бригадасы, мақта қабылдау пункті мен орталық қоймасы да жұмыс жасайды.

"Нұр-Кетебай" кооперативі өзінің техникалық базасы және жұмыс күшінің арқасында былтыр мақта зиянкестеріне қарсы тұрып, мол өнім алуға қол жеткізді.