Фестивальде аудан тұрғындарының көне дәстүрге сай қысқа дайындық барысы, атап айтқанда қой күзеу, қарынға май сақтау, ет сүрлеу, диқандар мен бағбандардың жинаған күздік өнімдері т.б. көпшілік назарына ұсынылды.
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы «Мақтаарал» мәдениет үйінде «Мизам – береке бастауы» атты фестиваль болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Іс-шараның басты мақсаты - халқымыздың өмір салтында бар, алайда көп тойлана бермейтін, мал семіріп, егін орылып, шөп шабылып, елдің берекеге кенелетін кезінде атап өтілетін «Мизам» ұлттық мерекесін халық арасында кеңінен насихаттау, ұмытыла бастаған осы дәстүрдің көне дәстүрге сай нұсқасын БАҚ арқылы ел арасына тарату.
Берекенің иісі аңқыған фестивальді аудан әкімінің орынбасары А.Ешанқұлова мен орталық кітапхана директорының орынбасары П.Есенбеков ізгі тілегімен ашып берсе, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлшат Жаһанқызы іс-шараны қорытындылап, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, бірнеше мәдениет қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, «Мақтаарал» мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық дәстүріміз жайлы көрінісін көпшілікке ұсынды.
«Мизам» - күн мен түннің күз айында теңелу сәтіне орай тойланатын жалпыхалықтық мереке. «Мал баққандікі, отын шапқандікі» демекші, ол малға - мал, жанға - жан қосып, ала жаздай арқа еті арша, борбай еті борша болып еңбектенген бағбандар мен диқандардың құрметіне арналған той» - деді Алтын Күнтуқызы.
Фестивальде аудан тұрғындарының көне дәстүрге сай қысқа дайындық барысы, атап айтқанда қой күзеу, қарынға май сақтау, ет сүрлеу, диқандар мен бағбандардың жинаған күздік өнімдері т.б. көпшілік назарына ұсынылды.
Дереккөз: Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі