Түркістан-Төле би. Үш күнге ұласқан торқалы мерейтой Төлеби ауданында Нұржамал Үсенбаева бастаған Шымкент қалалық Саз колледжі студенттерінің концерттік бағдарламасына ұласып, ел ықыласына бөленді.
Шымкент қалалық Саз колледжінің 60 жылдық мерейтойына орай, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда аталған оқу орнының түлегі Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева "Сіздерге мөлдір сезіммен..." концерттік бағдарламасын берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Саз колледжінен қанат қаққан өзге де шәкірттер қатысқан айтулы кешті облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Бас дирижері - Қуаныш Исмаилов.
Сондай-ақ, концерттік бағдарламада Айгерім Темірбекова, Нұрқанат Тәпиев, Бекзод Садыков, Айбек Канатбек, Аян Төлеген де өнер көрсетті.
Келесі күні көптеген өнер жұлдыздарының талабын ұштап, дарынына қанат бітірген қалалық Саз колледжі мерейтойының салтанатты шарасы да еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен шәкірттердің қатысуымен өтті.
Дарындарды түлеткен білім ұясының түлектері ҚР Халық әртісі Лаки Кесоглу, Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Болатбек Бүкенов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дирижер Жалғасбек Бегендіков, ҚР Мәдениет қайраткері, доцент Серікжан Әбдінұров, халықаралық байқаулардың лауреаты, эстрада әртістері Бауыржан Исаев, Жолбарыс Сейфуллин және тағы да басқа сахна саңлақтары өнер шашуын шашқан шарада Түркістан облысының әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының да құттықтау хаты оқылып, арнайы сый-сияпаты табысталды.
Үш күнге ұласқан торқалы мерейтой Төлеби ауданында Нұржамал Үсенбаева бастаған Шымкент қалалық Саз колледжі студенттерінің концерттік бағдарламасына ұласып, ел ықыласына бөленді.