Айтулы шарада өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған көрме ұйымдастырылды.
Шардара ауданы «Аққала» демалыс аймағының жағалауында алғаш рет «SAFARI SHARDARA» атты фестиваль басталды, деп xабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Фестиваль балық аулаушылар жарысымен басталды. Кейін халықаралық деңгейдегі сайыстарға ұласып, бір сәтте бірнеше спорт түрлерінен жарыс өтті. Атап айтқанда, қазақша күрес, желкенді қайық, академиялық есу, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гир көтеру, арқан тарту, бөренге өрмелеу, қошқар көтеру сынды жарыстардан сайыпқырандар бақ сынады. Сондай-ақ, қонақтар Шардара ауданының тарихымен, ауыл шаруашылығы өнімдері және ұлттық қолөнер көрмесімен танысты.
Фестиваль су айдынындағы қайықтардың шоуымен жалғасты. Онда сайысқа қатысқан 15 балықшы қайықпен жағалауға келіп, еліміздің Туын желбіретті. Балықшылардың соңынан желкенді қайықтар мен байдарка есушілер өнер көрсетті. Сондай-ақ, арнайы безендіріліген қайықтар мүйістегі белгіленген орынға «Рухани жаңғыру» логотипін алып шықты. Кейін «Қазына», «Шамсинур» би топтары және цирк өнерпаздары хореографиялық композиция орындады.