ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Дания Ақпанбет және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Түркістан облысы, Отырар ауданына келді. Өркениет пен мәдениеттің ордасы саналатын Отырар жұртшылығы шетелдік қонақтарды қазақы дәстүрмен қарсы алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысындағы тарихи-киелі жерлермен танысып, туристік нысандардың дамуын насихаттау мақсатында қолға алынған сапар барысында аудан басшысы Айтаханов Ерлан Қуанышұлының бастауымен Ұлыбританиялық «The Calvert Journal» журналынан Надя Бирд (Nadia Beard), «Saga Magazine» журналынан Шэрон Елизабет Эмос (Sharon Elizabeth Amos), индонезиялық Indonesia Tatler газетінен Ливиани Синтьяна (Liviani Cinthyana), италиялық AGIR агенттігінен Куиндалина Фиаменнеги (Guendalina Fiammenghi), қытайлық «Global Times» Лили Жан Ю (Lilly Zhang Yu), кореялық «International Policy Digest» агенттігінен Джон Лиман(John Lyman), польшалық «Turystyka.rp.pl» ақпарат агенттігінен Анна Клоссовка (Anna Kłossowska), франциялық «Agora Voxlemédiacitoyen» медиа арнасынан Паулин Гавриловтар (Pauline Gavrilov) Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін аралап, өлке тарихына қанықты.
Мәртебелі меймандарға Арыстанбаб кесенесінің архитектуралық пішіні де ұнап, тарихы да қызықтырды. Музей қызметкері Нұрсейіт Әмзе Отырардың шынайы тарихы мен Арыстанбаб туралы аңыздарға тоқталып, ағылшын тілінде түсіндіріп өтті.
Мұнан соң құрметті қонақтар ұлттық тағамдар қойылған дастарханнан дәм татып, отырарлық өнерпаздардың ән-жырына сусындады.
Қонақтар жолға аттанар алдында аудан басшысы үш тілде жарық көрген «Отырар жәдігерлерлері» кітабын сыйға тартты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген «Қасиетті Қазақстан» жобасына енген Арыстанбаб кесенесі мен тарихы терең Отырартөбе қалажұрты елдің назарында. Мемлекет басшысы шикізатқа тәуелділіктен арылып, ел бюджетін туризм арқылы толтыру мақсатында туризм кластерін дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай Отырар ауданының әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, жоғарыда аталған екі нысанның айналасын абаттандыруды қолға алып, жұмысты бастап та кетті. Ауқымды жоба туристерге қолайлы жағдай тудырып, аудан бюджетін толықтыра түсуге қызмет етеді.