Шежірелі Түркістан туризмнің орталығына айналады

0
4 110

2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 700 мыңнан астам шетелдік қонақ болған. Оның ішінде 25 456 турист - шетел азаматтары.


Шежірелі Түркістан туризмнің  орталығына айналады

2015 жылы Түркістан қаласына 981 344 турист келсе, бұл көрсеткіш 2016 жылы 1,6 млн-ға артып, 2017 жылы 1,2 млн адамға жуықтаған. Ал, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 700 мыңнан астам шетелдік қонақ болған. Оның ішінде 25 456 турист - шетел азаматтары. Осыдан үш жылдың қорытындысына қарап қаланы тамашалауға, зиярат жасауға ықылас танытқан жандар санын бағамдай беріңіз.

Еліміздің рухани астанасы атанған Түркістан туризм ордасына айналған көне қала. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен шежірелі шаһарды көруге келуші туристтерді көптеп тарту үшін кесене айналасын ескі қалашыққа айналдыру көзделіп отыр. Ол үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған. Тарқатып айтсақ, ескі қалашықта бой көтеретін ғимараттар ежелгі ортаазиялық стильде салынады деп жоспарлануда.

XIV ғасырдың соңында тұрғызылған көрнекті архитектуралық ескерткіш саналатын Қ.А.Ясауи кесенесі Орта Азияның билеушісі Әмір Темірдің әмірімен Ахмет Ясауи дүниеден өткеннен соң екі жүз жылдан кейін бой көтерген. Түркі жұрты қадір тұтатын Ислам дінінің өркен жаюына ықпал еткен Құл Қожа Ахмет мәңгілік мекенге айналдырған қалада қазақтың 21 ханы, 47 батыры, 19 биі және 8 сұлтаны жерленген. Түркі жұртының қарашаңырағы саналатын қаланың тарихы сонау 1500 жылдан аса уақытпен үндесіп жатыр. Қазақ хандығының үш ғасырға жуық уақыт бойы астанасы атануы да шаһардың шынында ата-бабаларымыз үшін орны дара болғанын аңғартып тұр.

Сонымен қатар, Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Хан ордасы, Құмшық ата, Рабиға Сұлтан Бегім, Есім хан, Гауһар ана, Шахан ата кесенелері де шаһардың тарихынан сыр шертіп тұрған ескерткіштердің қатарында. Осындай тарихи орындармен қоса Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қала сауда-саттық жасауға қолайлы орталық ретінде белгілі. Осы күнге дейін қаламызға Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе облыстары секілді өзге өңірлердің тұрғындары көтерме және бөлшек түрдегі бағамен тауарлар алып, сауда-саттық жасауды әдетке айналдырған. Бүгінде қалада орталық «Қуаныш», «Азиз», «Жұма», әмбебап «Алтын бұлақ» базарлары мен «Дархан» сауда орталығы жұмыс жасауда. Әсіресе қалаға жақын маңда орналасқан Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық округтердің, Шолаққорған ауданының тұрғындары қала базарларына жиі келіп сауда жасайды. Бейресми ақпаратқа сүйенсек қалаға күніне түрлі транспортпен (пойыз, жеңіл автокөлік, Түркістан қаласы бағыттарында) 5000-ға тарта адам келіп-кетеді екен. Ішкі туризмі осылай дамып отырған Түркістанның бүгінде сыртқы туризмін жандандыру міндеті тұр.

Түркістанда 28-ші қыркүйек күні алғаш рет «Ежелгі Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристтік форумы өтеді деп жоспарлануда. Форумға Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді дамыған елдердің өкілдері қатысатын болады. Қала дамуына арналған бас жоспар бекітілген соң қалада әуежай, темір жол вокзалы, автовокзал, сервистік қызмет көрсету орталықтары сынды әлеуметтік нысандар салынбақ. Болашақта «Түркістан-Ташкент» арасында темір жол байланысы арқылы пойыздар жүргізілуі қолға алынады және әуежайдың бір бағыты «Түркістан-Самарқанд» бағытында әуе рейсі ашылады деген болжам бар. Болжам жүзеге асырылған болса Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент пен Самарқанд қаласына келген шетелдік туристтердің аз ғана уақыт ішінде ұшақпен немесе пойызбен Түркістанға да келулері үшін жағдай жасалады деген сөз. Оған қоса облысымыздың іскер кәсіпкерлері де жекеменшік қонақ үйлер, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтарын салуды қолға алмақ.

Әрине, ол алдағы уақыттың еншісіндегі атқарылар шаруа. Ал, дәл қазір қаламызда туризм саласы бағытында туристтер мен қала қонақтарын жатын орынмен қамтамасыз ету қандай деңгейде деген сұрақ туындайды. Қала аумағында жиырмаға жуық қонақ үй бар. Жайлылығы мен қалта көтерерлік бағасына қарай қалаған қонақ үйге бару өз еркіңізде. Енді сол конақ үйлердің ұсынып отырған бағасына тоқталсақ. Салыстырмалы түрде алғанда орта есеппен стандартты бір орынды бөлме - 2000-5000, екі орынға арналған - 5000-8000 теңге көлемінде. Жартылай люкс нөмірлер 10 000 – 15 000 теңге болса, люкс нөмірлер - 15 000 - 20 000 теңге аралығында. Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімі мамандарының жүргізген статистикалық мәліметіне сүйенсек қаламызда қымбаттылығына қарамастан төмендегі көрсетілген қонақ үйлерге келушілер саны жоғары. «Эдем» қонақ үйіне жыл басынан бері 893 адам келген. «Яссы» қонақ үйіне 2450 адам, ал, «Khanaka» қонақ үйіне 2659 адам тұрақтаған. Айта кеткен жөн, төрт жұлдызды «Khanaka» қонақ үйіндегі стандартты нөмірлер – 18 000 теңге, люкс нөмірлер - 40 000 теңгені құрайды.

Енді туризмге қатысты туристтерге ақпарат беретін орталықтар туралы айталық. Қала әкімдігіне қарасты жоғарыда айтылған қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің «Ontustik tourism center» ақпараттық орталығы жұмыс жасауда. 2016 жылдың тамыз айынан бастап іске кіріскен орталықта екі аудармашы маман туристтерге қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде қызмет көрсетіп отыр. Жыл басынан бері аталған орталық ТМД және Еуропа елдерінен келген 436 (ТМД - 152, Еуропа – 284) азаматқа қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, жекеменшік «OSST Tur» туристтік фирмасы туристтік саяхат бағытымен келісілген бағада кызмет көрсетіп отыр. Аталмыш туристтік фирма Ескі Сауран қалашығы, ежелгі Отырар тарихи орындарымен қоса Арыстан баб, Жылаған ата, Үкаша ата, Қырық шілтен ескерткіші, Ақ мешіт үңгірі сияқты облысымыздағы киелі жерлерді тамашалауға жағдай жасап, көлік және жатын орындармен қамтамасыз етеді.

Қорыта айтқанда, өзге облыс тұрғындары арасында тіпті Түркістан қаласы туралы естігені болмаса бірде-бір рет келіп көрмеген жандар да кездеседі. Осы орайда ең алдымен ішкі туризмді дамыту керек-ақ негізі. Ол тек қаланың сыртқы көрінісімен танысу ғана емес қала, ел тарихымен танысуға, білуге жол ашады. Бұл қала халқының мәдениеті мен экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізеді деп толық сеніммен айта аламыз. Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев қала туризмінің дамуы тұрғысында туристтердің қалада кемі екі-үш күн бөгелуін қамтамасыз етіп, жағдай жасалуы керектігін айтқан болатын. Себебі қаланы тамашалау кезінде тасымалдаушы такси жүргізушілеріне, сауда жасаушы саудагерлердің (дүкен, асхана, т.б.), қонақ үй қызметіне сұраныс артады. Қала туризмінің дамуы жаңаша тыныс алып, ендігі кезекте Түркістанның туризмін дамыту бағытында атқарылар шаруалар әлі алда.

Түркістаннан арнайы ERNUR.KZ тілшісі